Көзге қарап анықтауға болатын 5 ауру

Көзге қарап анықтауға болатын 5 ауру
Фото: primorye24.ru

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша әлемде көру қабілеті нашарлаған 2,2 миллиардқа жуық адам бар. Көз ауруы кез келген жаста пайда болуы мүмкін және жыл сайын офтальмологқа жүгінінетін адамдар саны артып келеді.  Себебі,  қазір адамдар компьютерде жұмыс істейді және үнемі смартфондарды пайдаланады. Ал көру қабілетінің төмендеуі осы өмір салтының жағымсыз салдарының бірі. Көз дәрігеріне бару кезінде кейбір адамдар көзге мүлдем қатысы жоқ басқа ауруларын анықтап жатады. Өйткені, көптеген аурулар, соның ішінде өлімге әкелетін аурулар адамның көзі арқылы білінеді.

Көз арқылы жоғары қан қысымын қалай анықтауға болады?

Дұрыс емес өмір салтын ұстанатын адамдар уақыт өте келе гипертонияға тап болады. Бұл әдетте жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына және өлімге әкелуі мүмкін "жоғары қан қысымы" деп аталады. Кейбір адамдар бірнеше жыл бойы жоғары қан қысымымен өмір сүре береді. Айқын белгілерінің болмауына байланысты гипертонияны кейде сарапшылар "момын ажал" деп те атайды.

Ауруды уақытында анықтау үшін жылына кемінде бір рет дәрігерге бару ұсынылады. Кейде оптометрлер басқа мамандардан бұрын жоғары қан қысымының белгілерін анықтайды. Арнайы құралмен көзді тексергенде, көру органдарының көптеген әртүрлі бөліктерін, соның ішінде кішкентай қан тамырларын көруге болады. Олар жоғары қысымға өте сезімтал, сондықтан олардың зақымдануы гипертония белгілерінің бірі болуы мүмкін. Сондай-ақ, жоғары қан қысымы тордың астында сұйықтықтың жиналуына әкеледі.

Гепатит көзге қалай әсер етеді?

Гепатит – бауырдың қабыну ауруы, ол әртүрлі себептермен, соның ішінде вирустардың ағзаға енуі нәтижесінде дамиды. Гепатиттің ең айқын белгісі –  терінің сарғаюы. Бұл өт құрамындағы өңделмеген сары пигментті билирубиннің қанға түсуінен болады. Гепатит кезде көз де сарғаяды. Сондықтан, көздің сарғаюымен сіз дереу дәрігермен кеңесуіңіз керек. 2016 жылы ғалымдар гепатит туберкулез және АҚТҚ сияқты адам өліміне ең көп себебші болатын ауру екенін анықтады.

Төменгі қабақтың бозаруы нені білдіреді?

Сау адамда төменгі қабақтың ішкі жағында қызыл реңк бар. Егер ол бозғылт болса, бұл денеде темір тапшылығынан туындаған анемияның белгісі болуы мүмкін. Эритроциттерді өндіруде маңызды рөл атқаратын минералдың болмауына байланысты адам қанындағы эритроциттер мен гемоглобин концентрациясы төмендейді. Эритроциттер оттегін жинап, оны бүкіл денеге тасымалдайтындықтан, темірдің жетіспеушілігі адамның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Атап айтқанда, шаршау, әлсіздік, құлақтағы шуыл және басқа да ауруларға тап боласыз.

Неліктен кейбір адамдардың көзі алға шығып тұрады?

Екі көздің көлемінің ұлғаюының себептерінің бірі – қалқанша безінің дұрыс жұмыс істемеуі. Бұл жағдай әдетте "экзофтальм" деп аталады. Егер адамның қалқанша безі дұрыс жұмыс істемесе, майдың мөлшеріне әсер ететін гормонның өндірісі артуы мүмкін. Кейіннен көз айналасындағы майлы тіндер өседі, сондықтан олар алға шығады. Кейде "бадырақ" көздер басқа аурулардың белгілері болуы мүмкін – дәл диагнозды тек дәрігер ғана жасай алады.

Вильсон-Коновалов ауруының белгісі

Вильсон-Коновалов ауруы – тұқым қуалайтын ауру. Ол мыстың дұрыс емес жасушаішілік тасымалдануының нәтижесінде пайда болады, соның арқасында ол ағзада жиналады. Бұл өз кезегінде орталық жүйке жүйесінің, бауырдың және басқа да бірқатар ағзалардың зақымдалуына әкеледі. Ауруды қасаң қабықтың айналасында алтын немесе жасыл сақинаның болуы арқылы анықтауға болады. Аурудың бастапқы кезеңінде оны тек дәрігер ғана байқай алады, бірақ ауыр жағдайларда сақина арнайы құралсыз да көрінеді.

Т. Раушанұлы