Неліктен бізге жазбадағы өз даусымыз ұнамайды?

Неліктен бізге жазбадағы өз даусымыз ұнамайды?
Фото: freepik.com

Көпшілік адамға жазбадағы өз дауысы ұнамайды. Тіпті, ол опералық әнші немесе кәсіби диктор болса да, өз дауысының жазбадан неліктен солай шығып тұрғанын түсінбей, диссонанс сезеді. Мұның себебі неде?

Өміріміздің көп бөлігінде өз даусымызды жазбадан емес, «тірілей» естиміз. Сондықтан біз жазбадағы өз даусымызды естіген кезде бастапқыда ол таныс емес көрінеді және біз ойлағандай әдемі естілмеуі мүмкін. Бұл біз дыбыстарды қабылдайтын механизмдердің айырмашылығымен байланысты.  

Біздің құлағымыз үш бөліктен — сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақтан тұрады. Оның сыртқысы құлақ қалқаны, есту жолы және құлақ жарғағынан тұрады. Құлақ жарғағынан соң ортаңғы құлақ орналасқан: онда балғашық, төс және үзеңгі деп аталатын үш сүйек бар. Адам денесіндегі осы ең кішкентай сүйектер сыртқы құлақтан ішкі құлаққа дыбыс өткізеді. Ал ішкі құлақта иірім бар: ол дыбысты сигналға түрлендіріп, миға жібереді.

Біз басқа біреудің дауысын немесе «сыртқы» дыбыстарды естіген кезде олар құлақтың осы үш бөлігі арқылы өтеді. Алайда, өз даусымызды біз басқаша қабылдаймыз. Ол да «сыртқы» дыбыстар секілді осы жолмен өтеді, бірақ сигналдың біраз бөлігі миға сүйектер өткізгіштігі арқылы түседі. Біз сөйлеген кезде біздің сүйектер арқылы вибрация беріледі: олар мойын омыртқасы мен жақтан бастап ортаңғы құлақтағы сүйектерге дейін жетеді. Олар осы тербелістерді қабылдап, ішкі құлаққа жібереді. Иірімде сүйек өткізгіштігінен келген сигнал «сыртқы» дыбыспен араласып, біз қабылдайтын дыбыс шығады.

Яғни, егер біз басқаларды құлақ аулайтын ауа тербелісі арқылы ғана қабылдасақ, өз даусымыз бас сүйектерінің дірілдері арқылы да жетеді. Нәтижесінде, біздің шынайы даусымызды айналадағылар ғана естиді, ал өзіміз бұрмаланған дыбыстауға қанағаттануға мәжбүрміз.

А. Жапатова