Кедендік тексеру: түрлері, мерзімі және не тексеріледі?

Кедендік тексеру: түрлері, мерзімі және не тексеріледі?
Фото: dvd-auto.ru

Кедендік тексеру дегеніміз не және тексерушілер қандай бұзушылықтарға баса назар аударатынын ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде түсіндірді.

Кедендік тексеру тұлғалардың кеден заңнамасын сақтауын тексеру мақсатында тауарларды шығарғаннан кейін кеден органымен жүргізіледі. Кедендік тексерулер жүргізу тәртібі Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексінің 45-тарауымен және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 47-тарауымен регламенттелген.

Кедендік тексеру декларантқа, тасымалдаушыға, уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орындарда тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын немесе тауарлар шығарылғаннан кейін оларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаларға, уәкілетті экономикалық операторға, кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлармен жасалған мәмілелерге тікелей немесе жанама түрде қатысқан тұлғаға және басқа да қатысы бар тұлғаларға қатысты жүргізіледі.

Кеденде не тексеріледі?

Кедендік тексеруді жүргізу кезінде:

- тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру фактісі;

- кедендік декларацияда мәлімделген және құжаттардағы мәліметтердің анықтығы;

- шартты түрде шығарылған тауарларды пайдалану немесе оларға билік ету бойынша шектеулердің сақталуы;

- кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кеден заңнамасында  көзделген міндеттерді орындауы;

- уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілуге үміткер заңды тұлғаның осындай тізілімге енгізу шарттарын сақтауын және кеден заңнамасында  көзделген өзге міндеттерді орындауы;

- кеден заңнамасында көзделген кедендік рәсімдерге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарының сақталуы тексерілуі мүмкін.

Кедендік тексерудің түрлері

Кедендік тексеру камералдық немесе көшпелі болуы мүмкін.

Камералдық кедендік тексеруді кеден органының орналасқан жері бойынша кеден органдары тексерілетін тұлғаға бармай, сондай-ақ камералдық кедендік тексеруді жүргізу туралы шешімін (нұсқамасын) ресімдемей жүргізеді.

Камералдық кедендік тексеруді жүргізудің басталғаны туралы (ҚР ҚМ 24.06.2019ж. №621 бұйрығы) тексерілетін тұлға хабардар етіледі.

Көшпелі кедендік тексерулердің 3 түрі бар:

1) жоспардан тыс;

2) жоспардан тыс қарсы;

3) кешенді.

Кедендік тексеру қалай жүргізіледі?

Көшпелі кедендік тексеруді кеден органы заңды тұлғаның орналасқан жеріне, дара кәсіпкердің қызметін жүзеге асыратын орынға немесе осындай тұлғалардың қызметті іс жүзінде жүзеге асыратын орнына барып жүргізеді.

Бұл тексеруді тексерілетін тұлғаның орналасқан жері бойынша кеден органы жүзеге асырады. Көшпелі кедендік тексеру нұсқама негізінде жүргізіледі (ҚР ҚМ 08.02.2018ж. №146 бұйрығы).  

Тексеру мерзімі

Камералдық кедендік тексеруді жүргізу мерзімі тексерілетін тұлғаға камералдық кедендік тексеруді жүргізудің басталғаны туралы хабарлама жіберілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі екі айдан аспауға тиіс.           

Кедендік тексеруді аяқтау тәртібі

Кедендік тексеру актісі жасалғанға дейін, бұзушылықтар анықталған жағдайда, кеден органының лауазымды адамы тексерілетін тұлғаға кедендік тексерудің алдын ала актісін табыстайды.

Бұл ретте тексерілетін тұлға кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беруге құқылы (ҚР ҚМ 21.04.2021ж. және №376 және 29.04.2021ж. №413 бұйрықтары).  

Кедендік тексеру нәтижелері бойынша ресімделген, тексерілетін тұлғаға табыс етілетін кедендік тексеру актісі жасалған күн кедендік тексерудің аяқталған күні болып есептеледі.

Кеден заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарылады. Осындай хабарламаны орындау мерзімі тексерілетін тұлғаға осындай хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайды.

Тексерілетін тұлға осындай хабарламаны алған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде шағымдануға құқылы.

Кеден органдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 13-тарауымен көзделген.

Қ. Слямбек