Жылдам ойлануға көмектесетін әдістер

Жылдам ойлануға көмектесетін әдістер
Фото: unsplash.com

Жылдам шешім қабылдау, қалжыңға үйлесімді жауап беру, төтенше жағдайда тез әрекет ету — бұлардың бәрі миыңыздың жұмыс істеу жылдамдығына байланысты. Оған әдеттерден бастап денсаулық жағдайына дейін көптеген факторлар әсер етеді. Ендеше, зерек болуға көмектесетін кеңестерді ұсынамыз.

Ұйқыны қандырыңыз

Ұйқы денеміздің әр жүйесіне әсер етеді: жүрек, өкпе, ми және т.б. Сондықтан жылдам ойлану үшін жақсы ұйықтау керек. Күнде, тіпті, демалыс күндері де бір уақытта жатып, бір уақытта тұруды әдетке айналдырыңыз. Ұйықтар алдында босаңсу үшін орындайтын пайдалы әдет ойлап табыңыз. Ол шөптерден дайындалған шай ішу, ванна қабылдау немесе медитация жасау болуы мүмкін. Сондай-ақ, салқындау және қараңғы бөлмеде ұйықтаңыз.

Бір уақытта көп тапсырма орындаудан бас тартыңыз

Бір уақытта көп тапсырма орындау қабілеті жайлы қанша жақсы нәрселер айтылса да, оның адамды шаршататыны рас. Бір істен екіншісіне, одан басқасына көшіп жүріп, зейін қоюды сақтау қиын. Ми баяу жұмыс істей бастайды, ал ол қойылған міндеттерді орындау тиімділігіне жағымсыз әсер етеді. Егер ол, керісінше, жылдам жұмыс жасағанын қаласаңыз, бірінші бір істі аяқтап, содан соң келесісіне кірісуді әдетке айналдырыңыз.

Басты қатыратын ойындар ойнаңыз

Бас қатырғыш ойындар арқылы миды дамыту қызық және пайдалы. Әсіресе, ұзақ жолда өзіңізді немен алаңдататыныңызды білмесеңіз, осындай пайдалы іспен айналысыңыз. Мұндай ойынның өзіңізге ұнайтын кез келген түрін таңдаңыз: сөзжұмбақ, судоку, Рубик кубигі. Немесе ұялы телефоныңызға қызықты зияткерлік ойындар жүктеп алыңыз. Қандай да бір деңгейден өту үшін арнайы уақыт бөлінген түрлеріне аса мән беріңіз. Уақыт өте бас қатырғыштарды жиі шешкен сайын олардан жылдам өтетініңізді байқайсыз.

Музыкалық аспапта ойнауды үйреніңіз

Музыка мидың дамуына ықпал етеді және жылдам ойлануға көмектесе алады. Сүйікті туындыларыңызды тыңдау ғана емес, сондай-ақ музыкалық аспапта ойнауды үйрену де пайдалы. Әрине, гитара немесе барабан сатып алу және курсқа қатысу шығынды талап етеді. Бірақ қаласаңыз, кез келген нәрсенің қолжетімді баламасын табуға болады. Мысалы, арзандау бағаға укулеле сатып алып, оны Youtube желісінен үйренуге болады.

Күнделік немесе журнал жазыңыз

Күнделік немесе қысқа ескертпелер жазып жүру ми жұмысын жылдамдатуға және маңызды ештеңе ұмытпауға көмектеседі. Егер жазуды күнделікті әдетке айналдырсаңыз, анық ойлап, ойыңызды жақсы жеткізетін боласыз. Оған қоса, жазу арқылы жағымсыз сезімдеріңізден арыла аласыз.

Ойлау жылдамдығын ұсақ-түйекпен жаттықтырыңыз

Ойлау жылдамдығын жаттықтыруды күнделікті әдетке айналдыру үшін ұсақ-түйектерге дейін мән беру керек. Мысалы, кафеге барып тамаққа тапсырыс беру кезінде мәзірді ұзақ уақыт қараудың орнына өзіңізге үш минуттік тайминг жариялаңыз. Сол секілді сыртқа серуендеуге немесе жұмысқа шығарда киім таңдау кезінде нақты уақыт қойып тастаңыз. Мұндай жаттығуларды жиі қолдансаңыз, көп ұзамай ойлану жылдамдығы басқа да белсенділіктерде өзгергенін байқайсыз.

Шығармашылықпен айналысыңыз

Шығармашылық та бас қатырғыштар секілді миға жағымды әсер етеді. Шығармашыл жұмыстарға қаншалықты көп уақыт жұмсасаңыз, тапсырмаларды соншалықты жылдам ойлауды және шешуді үйренесіз. Мысалы, нөмерлер бойынша сурет бояу, жаңа рецептілерді жасап көру, өлең айту және спорттың жаңа түрлерін меңгеру пайдалы. Егер ми жұмысын жылдамдатқыңыз келсе, жаңа және қызықты бірдеңемен айналысуға уақыт бөліңіз.

Дұрыс тамақтаныңыз

Нақты дәрумендер мен қоректік заттар ми жұмысын жақсартады. Мырыш пен йод есте сақтауды жақсартады, ал B6, B12 дәрумендері және фолий қышқылы шаршаудың алдын алады. Омега-3 мидың дұрыс және жылдам қызмет етуіне көмектеседі. 

А. Жапатова