Не үшін тамақ жей бергіңіз келеді?

Не үшін тамақ жей бергіңіз келеді?
Фото: unsplash.com

Қарын ашу — ағзаның қалыпты жағдайы. Бірақ бұл сезімді өте жиі және тамақ ішкеннен кейін көп ұзамай сезсеңіз, ол — ойлануға себеп. Аштық сезімінің физиологиялық қана емес, психологиялық та себептері болуы мүмкін. Қайта-қайта қарныңыз аша беруінің себептерін анықтап көрейік.

1. Тәтті мен жылдам көмірсуларды көп жейсіз

Шоколад батончигі, кекс, печенье жеу — қарынды тойдырудың ең оңай әдісі. Бірақ ол ұзаққа жетпейді. Қант пен жылдам көмірсулар қандағы глюкоза деңгейін арттырады және аз уақытқа энергия береді. Бірақ сол секілді жылдам күйіп кетеді, қант деңгейі түсіп, қайтадан қарныңыз ашады. Тағы да қарныңыз ашқасын қайтадан қандай да бір десерт жейсіз.

Майларға, ақуыздарға және күрделі көмірсуларға бай үйлесімді тамақтануға көшіңіз. Күніңізді тойымды таңғы астан бастауға тырысыңыз. Сол кезде түскі асқа дейін қарныңыз ашпайды. Ал тіскебасарлар ретінде жаңғақтар, шемешкі, жасұныққа бай көкөністер, йогурт, ірімшік, авокадо жеңіз.

2. Ұйықтауға кеш жатасыз

Ұйқы кезінде тоқтық және аштық сезімдерін бақылайтын лептин және грелин гормондары өңделеді. Солайша, лептин миға тою жайлы белгі жібереді. Грелин, керісінше, аштық сезімі жайлы ақпарат береді. Егер жеткілікті ұйықтамасаңыз, лептин деңгейі азайып, үйреншікті тамақ мөлшеріне тойғаныңызды сезбейсіз. Оған жауап ретінде грелин күшейе түседі. Нәтижесінде, көп тамақ жейсіз, бірақ сонда да көп ұзамай қарныңыз ашады. Ұйқы қанбаған сайын тәбетіңіз арта береді.

Төсекке 23:00-ге дейін жатыңыз және 7-8 сағаттан аз ұйықтамаңыз. Дұрыс демалуға кедергі жасайтын нәрселердің бәрін алып тастаңыз. Терезеге қалың жапқыш іліңіз. Ұйықтауға бір сағат қалғанда барлық гаджеттерді сөндіріңіз.

3. Кофе мен алкогольді көп ішесіз

Кофеин мен спиртті өнімдер қажеттіден сізді көбірек тамақ жеуге итермелеп, тәбетті ынталандырады. Оған қоса, алкоголь босаңсытып, бақылау сезімін бәсеңдетеді.

Егер тамақты азырақ жегіңіз келсе, кофені тек таңертең ішіңіз және алкогольмен абай болыңыз.

4. Шөлдейсіз

Адамдар аштық сезімін жиі шөлдеумен шатастырады. Көпшілік суды сұйық тамақпен ауыстыруға үйреніп қалды, сондықтан аралық ми бөлімінде шөл мен аштық орталықтарының арасында жаңылыс болады. Бірдеңе жегіңіз келуі ағзаның сусызданғанын білдіруі мүмкін.

Күнді бір-екі стақан су ішуден бастаңыз. Бөтелкеге су құйып алып, оның күні бойы қол астыңызда болуын қадағалаңыз. Әр тамақ ішер алдында бір стақан су ішу де пайдалы.

5. Сіз күйзелістесіз

Адреналин және кортизол күйзеліс гормондары миға сізге қауіп төніп тұрғаны жайлы, яғни сізді құтқару үшін энергия қажет екені жайлы белгі береді. Нәтижесінде тәбетіңіз арта түседі.

Сезімдеріңізді қолға алудың әдісін табыңыз. Мысалы, йогамен айналысыңыз немесе медитация жасап үйреніңіз. Тамақ күйзелістен құтқармайды.

6. Сезімдерді тамақпен басасыз

Кейде біз қарын ашуды түрлі сезімдермен шатастырамыз: іш пысу, мұңаю, шаршау, мазасыздану. Мұндай кезде бургер немесе балмұздақ оны басатындай көрінеді. Тамақты жағымды істермен алмастырыңыз. Көңіл күйіңіз түссе, жақын адамыңызға қоңырау шалыңыз немесе комедия қараңыз. Шаршасаңыз, ваннаға түсіңіз.

7. Алаңдайсыз

Компьютер, теледидар алдында немесе әлеуметтік желілерде отырып тамақ ішсеңіз, қалай барлық порцияны тауысып қойғаныңызды байқамай қаласыз. Ми тамақ көлемі және тойғаны жайлы дұрыс емес ақпарат алады да, көп ұзамай қайтадан тамақ туралы ойлап отырасыз.

Тамақтан ләззат алыңыз және асықпай тамақ ішуді әдетке айналдырыңыз.

А. Жапатова