Оқылмаған кітаптың қандай пайдасы бар?

Оқыған кітаппен қатар оқылмаған кітаптың да пайдасы бар екен. Назарыңызға Ness Labs платформасының негізін қалаушы Энн-Лаура Ле Канфтың оқылмаған кітап туралы жазбасын назарыңызға ұсынамыз.

«Цундоку» (積ん読) – адамның кітапты сатып алып жинай беріп, бірақ оны оқымайтын әдетін сипаттайтын жапон сөзі. Бұрын мен өзімнен осыны байқағанда жеке кітапханамдағы кітаптарды оқып бітпейінше жаңасын сатып алмауға тырысатынмын. Бірақ антикітапхана концепциясы менің оқылмаған кітаптарға деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Сөйтсе оқылмаған кітаптың да оқылған кітап сияқты пайдасы тиеді екен.

Антикітапхана деген не?

Бұл – оқылмаған кітаптар коллекциясы. Бұл концепцияны алғаш рет Нәсім Тәлеб “Қара аққу” кітабында жазды. Мұнда ол жазушы Умберто Эконың кітаптарға деген қарым-қатынасы туралы баяндаған:

"Жазушы Умберто Эко – терең білімі бар, көреген әрі қызық жазушы. Оның үлкен кітапханасы бар (кітап саны 30 мыңнан асады). Өзінің айтуынша, оның қонақтары екіге бөлінеді: бірі – "Мәссаған! Синьор профессоре дотторе Эко, кітабыңыз не деген көп! Мынаның қаншауын оқып шықтыңыз?" дейтіндер, енді бірі – жеке кітапхананың имиджге арналған нәрсе емес, жұмыс құралы екенін түсінетіндер.


Умберто Эко

Оқылмаған кітаптар оқылған кітаптарға қарағанда аса маңызды. Кітапханада игерілмеген білімге толы және сіздің қалтаңыз көтере алатындай кітаптар болуы керек. Жыл сайын сіздің біліміңіз бен кітапханаңыз толыса береді және оқылмай үйіліп қалған кітаптар сізге қауіп төндірердей қарап тұрады. Шын мәнінде, сіздің таным көкжиегіңіз кеңейген сайын оқылмаған кітаптарыңыз да көбейе береді. Оқылмай жиналып тұрған кітаптарды антикітапхана деп атайық".

Умберто Эко үшін жеке кітапхана – зерттеу құралы. Антикітапхананың мақсаты оқыған кітаптарды жинау емес, өзіңізге қызық тақырыптарға арналған ресурстар коллекциясын жасау. Антикітапхана – сіздің білетініңіздің демонстрациясы емес, білгіңіз келетін нәрселердің одасы.

Оқымаған, белгісіз нәрсенің күші адамды іштей жеп, қорқытуы мүмкін, сондықтан адамдар оқымаған кітаптарды жинағысы келмейді. Бірақ оқылмаған кітаптар жаңалыққа, жаңа білімге итермелейді. Шотландия ғалымы Жеймс Клерк Максуелл айтқандай: “Саналы білімсіздік – ғылымдағы әр прогресске кіріспе”. Антикітапхана – біздің көп нәрсені білмейтінімізді еске салып тұратын кітапхана. 

Біз өзіміздің көп білмейтінімізді түсінген сайын, антикітапхана арқылы Даннинг-Крюгер эффектінің алдын алуға болады. Бұл эффектіге сай, адамдар өзінің білімін асыра бағалайды екен.