Ағылшынша сөз жаттауға арналған 7 әдіс

Ағылшын тілін үйреніп жүргендерге сөз жаттап, сөздік қорын байыту аса маңызды. Назарыңызға тіл үйрететін бағдарламалар қолданатын ең тиімді 7 әдісті ұсынамыз.

Сөзді контекспен бірге жаттаңыз

Сөзді жеке-жеке жаттауға қарағанда сөйлем, контекст ішінде тұрған күйінде жаттаған тиімдірек. Мысалы imagine (елестету) және real (шын, мүмкін) сөзін "Everything you can imagine is real" ("Көз алдыңа елестете алған нәрсенің барлығы шындыққа айналуы әбден мүмкін") деген сөйлем түрінде жаттау оңай әрі пайдалы.

Сурет пайдаланыңыз

Ақпаратты көзбен жақсырақ қабылдайтындарға сөз жаттағанда сурет салуға болады. Сонымен бірге интернеттен керек суретті тауып алып, сол арқылы да сөзді жадыға бекітіп көріңіз.

Сөздің синонимі мен антонимін бірге жаттаңыз

Сөздің синонимі мен антонимін бірге жаттау жадыға бекітуге оңай әрі сөздік қорды одан сайын байыта түседі. Оларды кейін бәрібір жаттау керек болады, сондықтан бірден синоним, антонимдерін есте сақтай берген дұрыс.

Мысалы irreverent (әдепсіз, сыйлауды білмейтін) сөзін сонымен мағыналас disrespectful сөзімен бірге жаттауға болады. Ал олардың антонимі – respectful.

Түбірлес сөздерді бірге жаттаңыз

Алдыңғы мысалдағыдай бұл әдіспен де бірнеше сөзді бірге жаттап алуға болады. Мысалы respect сөзін алайық.

respectful – құрметті

to respect – құрметтеу

respectable – көрнекті, салиқалы

disrespect – құрметсіздік

in respect – қатысты

Осылайша бір сөзбен бірге бес сөзді жаттап алуға болады. Оларды осы әдіспен есте сақтау оңайырақ, себебі түбірлес сөздердің мағынасы бір-біріне жақын.

Ойдан әңгіме құрастырыңыз

Бір-біріне ұқсамайтын, әртүрлі сөздерді жаттау үшін оларды бір әңгіменің ішінде қолданыңыз. Қысқа әңгіме арқылы жатталуы қиын сөздерді де есте сақтап қалуға болады.

Сөздерге ассоциация жасап жаттаңыз

Адам миы бір ұғымды басқасымен байланыстырып, ұқсатуға әуес. Сондықтан сөз жаттағанда ассоциация жасау жақсы көмектесуі мүмкін. Мысалы fool (топас) сөзін жаттау үшін "фууу" деген одағаймен ассоциация жасап жаттау оңайырақ болуы мүмкін.

Сөзді бөлшектеп көріңіз

Мысалы to misbehave етістігін жаттау керек. Оның түбірі – behave (тәртіп, өзіңді ұстау). Ал mis деген жұрнақ to misunderstand (дұрыс түсінбеу) сөзінде де бар. Демек, mis- жұрнағы дұрыс емес, теріс мағына білдіреді, сондықтан to misbehave – өзін дұрыс ұстай алмау.