Түйе атауларын білесіз бе?

Түйе – көшпелі қазақ халқы үшін жылқыдан кейінгі тіршілік үшін мәні зор, көшуге де, мінуге де қолайлы, еті мен сүті құнарлы азық, жүні киім-бұйым жасауға аса қажет төрт түліктің бірі.

Түйе – бір және екі өркешті ірі маңғаз мал. Күйіс қайырады. Түйенің жалпы атаулары:

Айыр түйе – қос өркешті, нар түйе – жалғыз өркешті түйелер. Ал жалғыз өркешті піштірілген еркек түйені де нар деп атайды.

Ішінде ботасы бар аналықтарын буаз, ботасы болмағандарын қысыр деп атайды.

Түйелердің шағылысу кезеңі қаңтардан басталып, сәуірге дейін созылады. Үлек 30 түйені, ал бура 20 түйені қашыру мүмкіндігіне ие. Еркек түйе шағылысуға бес жастан түссе, ал ұрғашы түйе төрт жаста-ақ бота әкеледі.

Бір өркешті түйенің буаз болу уақыты он екі айға, ал қос өркештініңкі – он төрт айға дейін созылады.

Енді түйе атауларына тоқталайық:

Бура – айыр түйенің таза тұқымды келеге түсетін аталығы.

Үлек – бұйра жүнді, бойы биік, алқымдарында ұзын жүні бар, шал құйрықты, жалғыз өркешті нар түйенің таза тұқымды аталығы.

Інген – қос өркешті айыр түйенің аналығы.

Інгенше – бес жасқа жетпеген, боталамаған айыр түйе.

Аруана – жалғыз өркешті таза тұқымды бұйра жүнді түйенің аналығы. Ұзын емшекті келеді, сүтті көп береді.

Мая – жалғыз өркешті нар түйенің аналығы – аруананың қосымша атауы. Кейуана – жалғыз өркешті құрметті кәрі түйе.

Бота, көшек – жасқа толмаған түйе төлінің жалпы атауы.

Нарбота – аруананың жасқа толмаған төлі.

Нарша – жас нар.

Қоспақ – өркешінің ұшы ғана айыр, інген мен үлекті будандастырудан алынған ұрпақ.

Нарқоспақ – аруана мен бураның буданы.

Балқоспақ – бура мен маяның айыр түйеге ұқсап туған буданы.

Ләкір – таза қанды бура мен аруанадан туған ұрпақ.

Жампоз – жалғыз өркешті аруана мен айыр түйенің бурасынан алынған асыл тұқымды ұрпақ.

Біртума – бір өркешті нар түйенің аталығы – үлек пен інгеннің, немесе, бура мен аруананың бірінші ұрпағы.

Түс айыр – таза тұқымды айыр түйенің бурасы мен інгенінен алынған бірінші бота.

Арақоспақ – таза тұқымды бура мен мырзақоспақ не балқоспақ інгеннің тұқымы.

Әле нар – таза қанды үлек пен аруананың ұрпағы.

Мырзақоспақ – бура мен балқоспақтан туған нардың үшінші ұрпағы. Дене бітімі мығым, жүні бұйра, түрі сиықсыздау, өркештерінің арасы алшақ емес, бір адам сиярлық кішкентай.

Арақоспақ – таза тұқымды бура мен мырзақоспақ, не балқоспақ інгеннен алынған тұқым.

Қырысты (керісті) қоспақ – үлек пен мырзақоспақ буданы. Бұл да бақырады.

Үлек бота – таза үлек пен аруанадан туған жалғыз өркешті еркек бота.

Алаша – асылтұқымды түйе мен жабы – жабайы түйеден шыққан тұқым.

Кезпар – үлек пен маядан туған будан.

Кезнар – қоспақ інген мен үлектің ұрпағы; еркек.

Қылағай – қоспақ пен айыр түйеден туған әлсіз, осал, нашар жетілген бақырауық түйе тұқымы. Жүні сирек, аяқтары жіңішке, басы кішкентай.

Ақбақ – таза тұқымды үлек пен қалбағай інгеннің буданы.

Қалбағай – қылағай інген мен үлектің буданы.

Бекбатша – бура мен аруанадан туған будан. Өркеші биік, бұйра қою, қалың жүні бар, сандары үлкен, аяқтары жуан, мойындары ұзын, басы астау тәрізді келеді.

Қолбатша – үлек пен інгеннен туған будан.

Жөнек – бекбатша не қолбатша бура мен аруана не жампоз інгеннің ұрпағы. Сандары жіңішке, іші үлкен, жүні ешкінің жүніне ұқсас, қабағы қалың, бақырауық.

Жарбай – мая мен үлектің екінші ұрпағы.

Жөң – мая мен үлек буданның екінші ұрпағы.

Күрт – айыр түйе мен үлектен туған будан.

Оқбақ – қоспақты қылағай нар мен қоспақты қылағай бурасынан туған тұқым.

Оқпақ – дене бітімі қораш, аяқтары сорайған ұзын, жапырақ өркеш, сұйық жүнді қылағайдан тараған тұқым.

Тайлақ – екі жасқа дейінгі төлдің атауы.

Сүттайлақ – енесі қысыр қалған, немесе, енесі боталауға бірер ай қалғанға дейін еміп жүретін тайлақ.

Кердері, кердары – біртума нармая мен жөң буданы. Нармаядан туса екінші, жөңнен туса, үшінші ұрпағы.

Бүлдіршін – үш жасқа шығар қайымаған түйе.

Құнанша – үш жасар ұрғашы түйе.

Дөненше – төрт жасар ұрғашы түйе.

Тығыршын – қайымаған дөнежін түйе.

Буыршын – аруана мен үлектен туған төрт жасар жас бура.

Нарша – буыршын жас нар.

Сапалдырық – будандастырылған түйеден тараған үшінші және одан кейінгі ұрпақтары.

Соқтан – төрт жасқа шығар пішпе түйе.

Үлекше – төрт жастан асқан, жалғыз өркешті түйе.

Інгенше – төрт-бес жас аралығындағы боталамаған айыр түйе.

Қылқи – енесі жампоз мая, атасы-үлек, жалғыз өркеш буданның төртінші ұрпағы.

Атан – төрттен асқан ақталған, ірі айыр түйе.

Атанша – жаңа піштірілген жас түйе.

Тұмса – алғаш боталаған інген, не мая.

Жөңбай – жөңнің ақта етілмеген бурасы.

Шау түйе – қартайып, күші қайтқан кәрі түйе.

Қаптағай – жабайы түйе.

Желмая – шөлге төзімді, күшті, жалғыз өркешті, жүйрік түйе.

Түйеде кездесетін түстер: ақ (атан), боз (інген), сары (тайлақ), қызыл (нар), қараша (қоспақ), қара (бура), қоңыр (мая).

"Артық болмас білгенің" рухани-танымдық жинағынан