Медитацияны қалай жасау керек?

Көпшілік медитацияның пайдасы жайлы біледі де, оны қалай жасауды білмейді. Назарларыңызға күнде жасауға болатын медитация нұсқаулығын ұсынамыз.

1. Ұзақтық
Аздан бастаңыз. Екі минут – керемет бастама. Сол кезде "бос емеспін" немесе "шаршадым" деген сылтаулар орын алмайды. Бұл іс күнделікті өміріңіздің ажырамас бөлігіне айналғанда уақытты аз-аздан ұзартасыз. Бірнеше апта өткен соң еш қиындықсыз күніне 15-20 минут медитация жасай аласыз.

2. Уақыт
Медитацияны таңертең ұйқыдан тұрған соң немесе жұмыс күнінің соңында жасаған жөн. Медитацияны қандай да бір тұрмыстық процеске орайластыруға тырысыңыз. Мысалы, бір стақан кофе ішердің алдында немесе таңертеңгі жүгіруден кейін медитация жасау.

3. Орын
Өзіңізді тыныш және ыңғайлы сезінетін орын табыңыз. Бастапқыда медитация жасауға пәтердің ішінен бір бұрышты таңдап, ол жерді соған сай безендіріп қоюға болады. Медитация жасау әдетке айналған соң оны кез келген уақытта және кез келген жерде орындай аласыз.

4. Дене күйі
Егер лотос қалпы ұнамаса, одан бас тартыңыз. Медитация еш жеріңізді ауыртпауы және ыңғайсыздық сыйламауы керек. Ол жағымды процесс екенін ұмытпаңыз. Барынша ыңғайлы қалыпқа еніңіз. Орындықтың шетіне отыруға, тізерлеп отыруға немесе арқаңызды қабырғаға тіреп, аяғыңызды созып отыруға болады.

5. Тынығу
Медитация – үнемі зейінді қажет ететін секунд сайынғы жұмыс. Медитация аздап ұйықтап алу емес. Медитацияға ағза демалып алғаннан кейін кіріскен жөн. Егер оны кешке жасайтын болсаңыз, оған үйге келе сала немесе тамаққа тойып алғаннан кейін бірден кіріспеңіз.

6. Бақылау
Тыныс алу – тірі жандарға тән табиғи процесс. Қоршаған әлемдегі ауа қалай ішке кіретінін, өкпеңізді қалай толтырғанын және сізге қалай өмір сыйлап жатқанын бақылаңыз.

7. Ойлар
Медитация жолындағы алғашқы кедергі – ойлар ағыны, естеліктер, қиялдар, бітпейтін талдаулар. Бастапқы кезде әр нәрсені ойлай беру қалыпты. Ойлар ағынын тоқтату үшін сырттай бақылаушының рөліне кіріңіз. Кез келген реакциядан бас тартыңыз. Ерте ме, кеш пе ой үзіледі. Бірнеше рет терең тыныс алып, денеңіздегі сезімдерге зейін қойыңыз.

8. Алғыс пен махаббат
Медитацияны аяқтаған соң көзіңізді ашуға асықпаңыз. Махаббатты сезініңіз. Өзіңіз махаббатқа толған соң оны басқаларға сыйлаңыз. Медитация сеансын "мен бәріне бақыт тілеймін" деп аяқтаңыз.