Қыстыгүні тауда қалай қозғалу керек?

Қыста тауға шыққанда 10 есе сақ болу керек. Себебі ең тәжірибелі деген туристің өзі қар басқан тауға барып-қайтқанда кем дегенде бір-екі жарақат алып қайтуы мүмкін. Егер мұқият, байыппен қозғалсаңыз, жарақаттың алдын алуға болады. Назарыңызға Рак на Горе диджитал-журналы дайындаған қыстыгүні тауда серуен құрғанда ескеретін жаднаманы ұсынамыз.

Саяхатшы жабдығы

Қар басқан тайғақ жолға шыққанда мына заттарды алу керек:

– Үлкен сақиналы трекинг таяқшалары. Олар жоғары шығып, төмен түскенде жақсы көмектеседі.
– Аласа тауларға шыққанда аяқкиімге тағылатын, әуесқойларға арналған темір тікенді шынжыр.
– Аяқкиім мен шалбар етегін байланыстыра қымтайтын альпинист бахилы. Ол аяқкиімге қар кіріп кетуден сақтайды.
– Қолғап. Қарға құлағанда қолыңыз рахмет айтады.

Негізгі ережелер

Қыста күннің қысқа болатыны белгілі, сондықтан тауға ерте шығып, Күн батқанша түсіп үлгеру керек. Сондай-ақ, жақын адамдарыңызға қайда кеткеніңізді айтып, телефонды қуаттап алу қажет.

Тауға жалғыз шығудың керегі жоқ. Топпен шыққанда олардан ажырап қалмауға тырысу керек.

Қыстыгүні қар астында небір тас жатады. Сізге дейін жолдың қарын жолаушылар басып тастаса жақсы. Ал егер жаңа жауған қар болса, аяқты аса мұқият басу керек.

Қозғалу

Күннің бірінші жартысында қозғалу оңайырақ. Бұл кезде қар әлі еріп үлгермейді. Ал еріген қар аяққа жабысқыш келеді. Сондықтан оны жиі қағып тұру керек.

Егер биік шыңдарға шығып жатсаңыз, борпылдақ қары бар аймақтардан аулақ жүрген жөн. Себебі мұнда қар көшкіні жүруі мүмкін және қатты айқайлап, шулауға да болмайды.