Джинс шалбарына "бесінші қалта" не үшін қажет?

Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобс 2005 жылы кезекті презентациясын жасады. Жаңа құрылғыны көрсетпес бұрын: "Мына қалта не үшін керек екенін кім біледі? Маған осы әрдайым қызық еді. Енді оның неге арналғанын білетін болдық" деп қалтасынан жаңа iPod nano аудиоплеерін шығарады.

Бесінші қалта, шынымен, не үшін қажет?

Джинс шалбарында 5 қалта болады: екі алдыңғы, екі артқы және бір қосымша ішкі қалта. Егер бастапқы үлкен төрт қалтаның неге керегі түсінікті болса, бесінші кішкентай қалтаның не үшін жасалғанын бәрі біле бермейді.

Джинс шалбарындағы "бесінші" деп аталатын кішкентай қалта негізінде бесінші емес, төртінші қалта. Алғашқы джинс шалбарында, яғни Levi's 501 модельінде 4 қалта – бір артқы, екі алдыңғы және бір кішкентай ішкі қалта болған. Джинс шалбарын шығарған Лейб Штраусс өз өнімін "пышақ, ақша және тиын салатын қалталары бар, аспа баусыз жұмыс комбинезоны" деген атпен патенттейді. Ал негізгі бесінші қалта – ол артқы екінші қалта. Ол 1901 жылы ғана пайда болды.

Енді, ішкі қалтаға оралайық. "Levi's" каталогында оның "watch pocket" деген нақты атауы бар. Негізі кішкентай қалта америкалық жұмысшылар өзімен бірге сағат салып жүру үшін жасалған. 

"Watch pocket" іс жүзінде тек сағат салуға қолданылған жоқ. Кейін адамдар оған ақша, тиын, тіпті, жұмыс кезінде шеге салатын болды. Өйткені бұл кішкентай қалта ұсақ заттардың түсіп қалмайтынына кепіл.

Ал сіз бесінші қалтаға не салып жүрсіз?