"Құпия Аяз ата": Танымал ойынның 3 түрі

"Құпия Аяз ата": Танымал ойынның 3 түрі
Фото: unsplash.com

Сыйлықтар – жаңажылдық мерекенің бір бөлігі. Адам көп ортада немесе үлкен ұжымда бәріне бірдей сыйлық алу қиын. Бұл жағдайда көмекке "құпия Аяз ата" ойыны келеді. Бұл ойынды ерекше ойнаудың 3 түрін ұсынамыз.

Жаңажылдық мерекеде "құпия Аяз ата" ойынын ойнау дәстүрі Батыста пайда болып, қазір бізде де кең тараған. Егер бір рет болсын бұл ойынды ойнаған болсаңыз, оның мәні неде екенін білесіз. Ойынның ережесі қарапайым: әр ойыншы сыйлық беруі керек бір адамның аты жазылған қағазды суырады. Алдын ала сыйлықтың бағасын жалпыға бірдей етіп бекітіп қоюға болады.

Негізі, ойынның ережесі бойынша, "құпия Аяз атаның" кім екені белгісіз болуы керек, бірақ көбінесе ұжымдарда оны сыйлық алушыға атап береді. 

"Құпия Аяз ата" ойыны қалай пайда болды?

Кейбір дереккөздер бойынша, "құпия Аяз ата" Рождество алдында басқа адамдарды қуанту мақсатында кез келген үйдің алдына сыйлық тастап кететін скандинавиялық дәстүрден шыққан. Скандинавиялықтар бұл дәстүрді "Juklapp" деп атайды, ол швед тілінен "рождестволық сыйлық" деп аударылады.

"Құпия Аяз атаның" шведтерден пайда болғанына бәрі бірдей келіспейді. Мысалы, американдықтар бұл атақты жаңажылдық ойын өздерінің отандасы – Ларри Дин Стюарттың арқасында кең таралды деп санайды. Біркүні Ларри мереке кезінде анонимді түрде сыйлықтар беруді ойлайды. Ларри Дин Стюарт 25 жыл бойы Канзас тұрғындарына құпия түрде 100 мың доллар сыйға тартқан. Ал 2001 жылы 11 қыркүйектегі қайғыдан соң егіз мұнараның қирауынан зақымдалған адамдардың есеп-шотына 25 мың доллар аударған. Оның игі істерін бүкіл әлем 2006 жылы біледі. Оның ісінен шабыт алған Америка тұрғындары жыл соңында бір-біріне анонимді түрде сыйлық бере бастаған.



"Құпия Аяз атаның" түрлері

Егер бұл ойынның классикалық түрі көңіліңізден шықпаса, оны аздап өзгертуге болады. Мысалы, оның төмендегі түрлерін байқап көріңіз.

1-идея. "Құпия Аяз атаның" бұл түрінде әр қатысушы өзінің кімге сыйлық дайындап жатқанын білмейді. Сондықтан әмбебап сыйлық қарастыру керек болады. Сыйлықтар ортаға қойылады, ойынды бастарда әр ойыншы кез келген бір қорапты алып шығады. Олар қолдарына бір-бір қорап сыйлықтан ұстап, дөңгелек болып тұрады. Бірінші ойыншы қолындағы қорапты ашады. Ал келесі ойыншыда таңдау болады: өз сыйлығын ашу немесе бірінші ойыншының сыйлығын алу. Осылайша, кей сыйлықтар бір қолдан екінші қолға ауысып жүруі мүмкін. Бұл ойын уақытты көңілді өткізуге негізделген.

2-идея. Алдыңғы ойындағыдлай бұл жолы да әркім әмбебап сыйлық дайындап келіп, оларды ортаға қояды. Содан соң әр ойыншы бір құтыға аздап ақша (оның мөлшерін алдын ала белгілеп қоюға болады) салады. Сізге қалпақ, парақ және қалам қажет. Әр ойыншы кезекпен-кезек таңдау жасайды: а) ортадан кез келген сыйлық қорабын таңдап, өзіне қалдыру; б) өз атын параққа жазып, қалпаққа салу ( ұтысқа қатысу үшін); Барлық ойыншы таңдау жасаған соң қалпақтан 2 рет парақ суырып, екі жеңімпазды таңдайды. Бір ойыншы құтыдағы ақшаны, екінші ойыншы қалған барлық сыйлықты алады.

3-идея. Ғаламдық желінің арқасында тек жақындарыңызбен сыйлық алмаспай, әлем бойынша танымайтын адамдарға сыйлық беріп, өзіңіз де сыйлыққа ие бола аласыз. Ол үшін тіркеліп, кімнің "Құпия Аяз атасы" болатыныңызды анықтау қажет. Мысалы, сондай танымал платформаның бірі – Reddit Secret Santa.

А. Жапатова