Жұмыста шаршамас үшін...

Жұмыста шаршамас үшін...
Фото: tuindra.com

Үйге жұмыстан келгенде күні бойы жүк көтергендей шаршап келесіз бе? Кеңсе жұмысы денеңізді неліктен соншалықты шаршатады? Жұмыста шаршамас үшін не істеу керек?

Сізге мына сұрақтар таныс болар: "Не істеп шаршадың? Күні бойы жылы бөлмеде компьютердің алдында отырасың ғой!". Бұл сұраққа қарапайым жауап бар: отыру – денеге арналған физиологиялық емес жүктеме. Омыртқа жотасы отырған кезде тұрғанға қарағанда екі есе артық жүктеме сезінеді.

Ал жүру – физиологиялық жүктеме. Ол біздің денеміз үшін табиғи және пайдалы нәрсе. Сондықтан күні бойы орындықта отқаннан денеміз шаршайды, ал ұзақ серуендеп жүргеннен кейін өзімізді жақсы сезінеміз.

Ақпараттық технологиялар заманы адамдарды өз ережелеріне еріксіз көндіреді: қала тұрғындарының көпшілігі күндерін компьютер алдында өткізуге жұмсайды. Оқушыларға келер болсақ, олар көп уақытын отырып өткізуге үйреніп қалады: алдымен мектепте парта алдында, содан соң үйде үй жұмысын жасау үшін және компьютерден ойын ойнау үшін тағы да бір орында отырады. Әрине, мұндай "қимылсыздық" міндетті түрде дене мүсініне және жалпы хал-жағдайға әсерін береді. Қозғалыс белсенділігінің болмауы және отрыңқы өмір салты иық, мойын және бел бұлшық еттерінің тырысуына және жамбас пен аяқтағы қанның тұрып қалуына әкеледі. Уақыт өте бұл проблемалар көз шаршауына, аяқтағы тамырлардың түйнеліп кеңеюіне ықпал етуі мүмкін.

1-қадам: Ыңғайлы жиһаз таңдаңыз

Егер жұмысыңыз отырыңқы күйде өтсе, жұмыс күндерін барынша жайлы өткізуге тырысыңыз. Заманауи кеңсе крелолары мен орындықтарының отыратын жері кейін қарай еңкейіп келген. Яғни адам отқанда артқа креслоның арқасына қарай жылжып кетеді. Бұл біздің қимыл-тірек жүйемізге ыңғайсыз. Негізі орындықтың отыратын жері шамамен 4 градусқа алға қарай еңкейіп тұру керек. Сол кезде адам аздап алға қарай жылжығандықтан аяғымен тіреп отырады. Бұл адам аяғына аздап күш түсіріп, дененің барлық артқы бұлшықеттерін (табаннан мойынға дейін) іске қосады. Олар түзу дене мүсінін ұстап тұратын табиғи сүйенішті құрайды.

Кеңсе жиһазының биіктігі әр адамның жеке тұлғалық ерекшеліктеріне қарай таңдалады. Орындық биіктігін реттеуде адамның тізесі шамалы бүгіліп тұруы керегін ескеріңіз. Ал үстел биіктігі дұрыс болуы үшін оған отқанда төменге қарай бүгілмеуіңіз керек немесе шынтағыңызды үстелге қойғанда иығыңыз жоғары көтерілмеуі тиіс. Табаныңыз жерге тегіс тиіп тұрмас үшін көлбеу таяныш алуға болады. Ескі мектеп парталары естеріңізде болса, балалар аяғын қоятын таяныш болатын: бала аяғы көлбеу таянышта тұрса, оның жазуы әдемі болады деп саналатын. Оның себебі аяқта мұндай таяныштың тұруы денені тік ұстауға көмектеседі және иықпен қатысты қозғалыстар жеңіл орындалады.

2-қадам. Компьютерді дұрыс орнатыңыз

Биіктігі реттелетін, өзіңізге сай келетін үстел мен орындық таңдап, бірақ ол үстелге компьютерді дұрыс қоймасаңыз, барлық күшіңіз бекерге кетеді. Компьютер алдында жұмыс істеу – кеңсе шаршауын шақыратын тағы бір фактор. Егер тышқанмен жұмыс істесеңіз, жұмыс жасап отқан қолыңыздың шынтағы үстелдің үстінде жатуы тиіс. Монитор биіктігіне мән беріңіз: экранға қарағанда басыңыз төменге еңкеймей, алға тіке қарауыңыз керек. Монитор көз деңгейінде тұруы қажет. Әйтпесе, мойын бұлшықеттері қиналып, бас миына және көзге қан құйылуын қиындатып жібереді.

3-қадам: Ыңғайлы қалыпта отырыңыз

Жұмыс орныңызды барлық ереже бойынша дұрыс ұйымдастырсаңыз, денеңіз өзі-ақ дұрыс қалыпты қабылдайды. Бірақ әзір өзіңізге жеке жиһаз таңдау мүмкіндігі болмаса, физиологиялық дұрыс отыруды үйрену қажет. Егер креслода отқанда артқа қарай шалқайып кете берсеңіз, арқаңызға жақсы сүйеніш керек: арқаңызға жұмсақ жастық қыстырып қойыңыз.

4-қадам: Үзіліс жасаңыз

Мектепті еске түсіріңіз. Сабақ 45 минутқа созылады. Жоғары оқу орнында да міндетті түрде үзіліс жариялайды. Бұл уақыт кездейсоқ таңдалмаған: 45 минут өткен соң адамның зейін қою қабілеті төмендей бастайды, ал онымен бірге сіздің өнімділігіңіз де түседі. Сондықтан әр 45 минут сайын 5-минуттық үзіліс жасау маңызды: орныңыздан тұру, жүру, созылу, жүріп қайту. Сол кезде омыртқа мен мойынның еркіндігі мен иілгіштігін сақтайсыз, ал бас миы көбірек қоректік заттар алады. Сондықтан жұмыс жасау тиімділігіңіз арта түседі.

Кеңседе өзіңізді жақсы сезінудің маңызды ережесі – терезені ашып, әлсін-әлсін желдетіп алу. Егер жұмыс істеу кезінде ұйқыңыз келе бастаса, ол ауада көмірқышқыл газының артып кеткенін білдіреді. Сондықтан әр 45 минут сайын терезені ашып, өзіңіз 5-10 минут жүріп қайтыңыз.

А. Жапатова