Аль Пачино: Өмірден түңілген кезде оқы!

Аль Пачино: Өмірден түңілген кезде оқы!
Фото: vk.com

Біз өмір сүретін әлем қатты қажытады. Бұл фәни рақымсыз. Жай тірлік кешудің өзінен шаршайсыз. Сүюден, қамқор бдан, қолда бардың бәрін бөліп беруден зәде боласыз. Себебі, бұл әлем түкті де қайтармайды.

Тұрақсыздықтан жүйке тозады. Күнделікті күйбеңнен безіп кеткіңіз келеді. Бір кезде үмітін үкілеген, жақсылықтан дәметкен, әр қадамыңыздан өмірге деген құштарлық сезілуші еді. Бойыңыздағыны түгел тауысып беруге әзір едіңіз. Бірақ жаралы жүрек, уәдеден тайқып кеткендердің тиянақсыз тірлігі, орындалмаған жоспарлар – осының бәрі жиналып кеп көктегі көңіліңізді жерге түсірді. Әлем әрдайым сізге құшағын ашпаған екен. Жеңісіңізден ұтылысыңыз көп болыпты. Дәл қазір титтей де шабыт қалмапты. Тағы бір рет бақ сынауға пейіл жоқ. Мен сізді түсінемін. Бәріміз осыдан қалжырап болдық. Бұл шындық. Әрбіріміз.

Шау тартқанда көбіміз жүрегі жырым-жырым, жаны шырылдаған армияны құраймыз. Бәріміз де жан тыныштықты армандаймыз. Қалағанымыз зор еді. Бірақ соны сұрауға шама жоқ. Қазір жүрген жеріміз көңілден шықпайды. Алайда бәрін жаңадан бастауға қауқарсызбыз. Миын үрей жеген жүрексіздер түмені. Тәуекелге бел буатын шақта, айналамыздағы қағаз өмір құлап қалатындай зәреміз кетеді. Қанша рет басынан бастай алатынымызға сеніміміз жоқ. Бір-бірімізден шаршағанымыздың тағы бір шындығы – өзімізді өзіміз мәжбүрлеген рөлді ойнағаннан шаршадық, күнде айтатын өтіріктен жалықтық, екеуара сенімсіздік арқаға аяздай батады. Бетперде кигіміз келмейді. Дегенмен ақымақ болғымыз да жоқ. Сондықтан өзіміз жек көретін рөлімізге жата кеп жабысамыз. Басқа адам боп өмір сүреміз. Ол таңдауым дұрыс па еді деген күмәннің кесірінен. Бастаған жолды жалғастырудың, яки жаңа жолға түсудің қай қайсысының да оңай еместігін жақсы білемін. Әсіресе, рухани күш-қуатың сарқылған тұста әсте оңай емес.

Бір заманда ұмсынған, өзіңді қоймай сендірген идеалдың бәрінің күлі көкке ұшқан. Қазір оның бәрі күйреуік, шала боп тұрады. Айтайын дегенім ол емес еді. Айтпағым, егер сіз жеңілуге әзір тұрсаңыз, онда өзіңізді тағы бір рет сынап көріңіз. Бойдағы ерік-жігерді жинап, тырмысып көріңіз. Адам болмысы біз ойлағаннан әлдеқайда өмірге құштар келеді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Қазірге дейін таратып берген махаббаттан, үміттен, құмарлықтан әлденеше есе көп қылып бере аламыз. Бір сәтте нәтижеге қол жеткізе салғымыз келіп алып-ұшамыз. Көңіліміз қалағанға жетпей қалса, уақытынан бұрын жеңіліп қаламыз. Кері байланыс болмағандықтан жүрек жылайды. Ынталы жүрекке су бүркиміз. Отын өшіреміз. Адам күн сайын шабыттанып жрмейді. Осыны түсініп алыңызшы. Бәріміз де әлсін-әлсін рухани құмырамызды сарқып аламыз. Қалған көңіл, шыққан жан боп тұрады.

Бәріміз де өмірден түңілетін сәтті бастан кешеміз. Ниетің таусылып, өмір қызықсыз бола бастаған кез сіз бір орында тұр дегенді білдірмейді. Өмірде өзіңіз бек құрметтеген әр адам арман қуып жүріп талай сүрінген. Сүрінсе де арманына қол жеткізді. Сол себепті өзіңізге аяушылық танытып, орта жолда ұтылып қалмаңыз. Берілмеңіз! Күнделікті күйбең болсын, асқақ арман болсын – орындауға асығыңыз! Шаршап қалсаңыз, ақырын қимылдаңыз. Бірақ тоқтамаңыз! Белгілі бір себеппен шаршадыңыз. Сіз көп нәрсені өзгертіп, ғаламат дүниені жасап жатқан соң шаршадыңыз. Рухани жетіліп жатқандықтан шаршайсыз. Бір күні осы рухани жетілу жаныңызға рахат сыйлайтын болады. 

Аударған Шынар Әбілдә

Т. Раушанұлы