Смартфонға қарауға болмайтын уақыт

Смартфонға қарауға болмайтын уақыт
Фото: Politeka

Технология қарыштап дамып, ақпарат ағыны тулаған заманда телефонсыз өмір сүру оңай емес. Телефонның заманауи нұсқасы саналатын смартфондар бүгінде байланыс құралы ғана емес, түрлі мүмкіндіктердің сандығына айналды. Қазір өзіңе керекті дүниені смартфон интернетіне үңіл де, тауып ал деген уақыт. Ал әлеуметтік желілердің өзі бір төбе.

Смартфон - бауыр басып қалған бір дос-бауырың іспетті. Бірер сағатқа көз жазып қалсаң, іздей бастайсың. Әлемде не жаңалық болып жатыр екен деп үңіле кетесің. Оған үңілгенде жаныңдағы тірлігің де жайына қалады.

Телефонға телміру – жаңа заманның жаңа бір дертіне айналып барады. Адам психологиясына әсерін айтпағанда, уақытыңды да текке өткізудің бірден-бір себепкері. Сондай-ақ көп ісіңе кедергі келтіруі мүмкін. Ол үшін төмендегідей кеңес ұсынамыз. Смартфонға қай кезде қарауға болмайды?

Ояна сала

Ұйқыдан тұра сала смартфонға үңілетініміз жасырын емес. Бұл әдетті тастауымыз да қиын болар. Сайттар мен әлеуметтік желілерді шолып шығып, біраз ақпараттың басын шаласың. Бірінің соңы не болар екен деп, уайымдай да бастайсың. Мұның барлығы адам психикасы мен көңіл-күйіне әсер етеді.

Таңды жоспармен бастау керек. Күні бойы не істейтініңді, қайда баратыныңды жоспарлап алғаның абзал. Бірер минут ақпарат қараймын деп жұмысыңнан кешігуің де мүмкін.

Маңызды кездесу кезінде

Аса маңызды кездесу кезінде телефонды бір сәт ұмытқан дұрыс. Тіпті кішігірім үзіліс кезінде де пайдаланбаған жөн. Бұл кездесудің ары қарай жалғасуына әсерін тигізеді. Ойыңыз бөлініп, кездесу тақырыбынан алшақтап кетуіңіз мүмкін. Тіпті кездесуге келген адам бұдан да маңызды ісі бар екен ғой деп ойлап қалуы да ғажап емес.

Тренингке барғанда

Тренинг тегін болса да уақыт бөліп барғандықтан, смартфонға үңілмеген дұрыс. Бар назарың лекторда болып, керек дүниені жазып алған жөн. Ал телефонды сөндіріп немесе дыбыссыз режимге қойған пайдалырақ. Сонда тренингтен көбірек ақпарат алуға болады.

Жұмысқа белсенді уақытыңызда

Әр адам жұмысты әрқалай жасайды. Біреу түске дейін өнімді еңбек етеді. Енді біреулер түс ауа жұмысқа құлшынысы артады. Осындай жұмыс өнімді болатын кезде смартфонды аулақ қойған жөн-ақ. Ісіңізге кедергі болады.

Жұмыстан келгенде

Күні бойғы жұмыстан кейін де тынығу керек. Ал тынығу деген смартфонға үңіліп немесе теледидар қарау емес. Тынығу отбасыңа келіп, ашық-жарқын әңгіме айтып, таза ауада серуендеу.

Оқу кезінде

Кітап оқығанда да назарың өзге жаққа ауып тұрмағаны жақсы. Телефон арқылы біреуден қоңырау күтіп, хабарлама күтіп отырғанда ақпарат қабылдау қиын. Сондықтан да кітап оқыр кезде телефонды дыбыссыз режимге қойған дұрыс. Болмаса өзге бөлмеге қалдырып кетіңіз.

Ұйықтар алдында

Ұйықтар алдында да смартфонға үңілмесек жата алмайтындай көрінеміз. Тіпті жастығымыздың тұсына қуаттандырып қоятынымыз да бар. Айта берсең мұның барлығы зиянды. Ұйқысыздыққа шалдықтырады.

Түнде тұрғанда

Түнде тұрғанда сағат көрем деп телефонға үңілмеген дұрыс. Экран жарығы ұйқы гормоны мелатонинді төмендетеді. Одан кейін қайта ұйықтау қиын болады. Ұйқы қанбаса, күні бойы сергек жүру де оңай емес.

Ал сіз телефоныңызды қай уақытта көбірек қолданасыз?

Н. Үсенова