Инстаграмыңызды алға жылжытуда қажетті кеңестер

Инстаграмыңызды алға жылжытуда қажетті кеңестер
Фото: es.emedemujer.com

Әлеуметтік желілердің танымалдылығы және олардың мүмкіндіктері үлкен жылдамдықпен дамып келеді. Біреулер оларды ақпарат көзі ретінде қолданса, басқалары зеріккенде уақыт өткізу үшін пайдаланады. Кейбіреулер үшін ол шығармашылығын ұсынатын алаң болса, басқалары үшін бизнесін алға жылжыту, қаражат табу көзі болып отыр. Жиі қолданылатын әлеуметтік желілердің бірі – инстаграм. Инстаграмыңызды алға жылжыту сіздің де ойыңызда жүрсе, ол туралы кей сұрақтарға жауап береміз.

1. Өзіңіздің мақсатты аудиторияңызды қалай білуге болады?

Алдымен өзіңіз нені қалайтыныңызды және нені алға жылжытқыңыз келетініңізді анықтау керек. Сіздің өніміңіз шеше алатын мәселелерді білу керексіз. Мысалы, сіз фитнес-жаттықтырушы болсаңыз, сіздің контентіңіз 15 жастан 40-жасқа дейінгі адамдарға арналуы мүмкін. Оны және басқа да ақпараттарды білу үшін 3-5 танымал фитнес-блогерлерге жазылыңыз. Содан соң оларға жазылған адамдардың профилін зерттеңіз. Кез келген маркетинг зерттеулері 50-100 адам деңгейінде зерттеледі. Өзіңіз сол адамдарға анализ жасаңыз.

2. Қазір қандай контент трендте?

Ол аудиторияның қандай болуына байланысты болып келеді. Мысалы, кішкентай екі баласы бар анаға бала тәрбиесі өзекті мәселе болып табылады. Барлығы сол кездегі адам қажеттілігіне байланысты. Қазір жалпылама түрде аспаздық, салауатты өмір салты және бьюти тақырыптары танымалдылыққа ие. Тұрақты трендтерге дұрыс тамақтану, жасару, сымбаттылық, ара-қатынас, ақша табу, мансап жолы жатады. Сонымен қатар, қысқа мерзімді құбылыстар болады. Мысалы, оған жақында болған Хабиб пен Макгрегордың жекпе-жегі жатады. Жекпе-жектің өзі өтпелі тренд болғанымен, UFC оның арқасында өсіп қалды.

3. Фото немесе видеоның қайсысы тиімді?

Видео жақсы, ол әрқашан қызығырақ болып келеді. Әлем бойынша зерттеулерде адамдар контенттің басқа түріне қарағанда видеоконтентке 4,5 есе жиі тоқталады екен. Инстаграмда "лентада тоқтап қалу" деген түсінік бар. Міне, осы видео – жазылушы лентаны қарап отырғанда, оның зейінін тоқтататын материалдың бірі.

4. Видеоның ұзақтығы қанша болғаны жақсы?

Инстаграмдағы видеоның ұзақтығы 15-30 секунд болғаны жөн. Қазір адамдар қысқа бейнелер бойынша ойлайды. Олар өздерін ұзақ видео қарауға мәжбүрлей алмайды.

5. Қазір хэштег қолдану әлі де тиімді ме?

Қалай болса да іздеу хэштег арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, шағын бизнесіңіз бар, алматыда спорттық киімдер сатасыз. Адамдар іздегенде #алматыспорттықкиімдер деген секілді жазып қарайды. Яғни, ақпаратты хэштег арқылы ғана табады.

6. Жоғары жиілік немесе төмен жиілікті  хэштегтің қайсысын қолданған жөн?

Хэштег танымал болған сайын сіз төмен түсе бересіз. Яғни, танымал хэтегпен іздеген адамға сіз астында көрінбей қаласыз. Себебі жаңа хэштег алға шығатынын білесіз. Егер сирек қолданылатын хэштег жассаңыз, сіздің жоғарыда тұру мүмкіндігіңіз көбірек болады.

7. Күніне қанша пост жариялау керек?

Бұл сұраққа түрлі қарама-қарсы пікірлер бар. Негізі күніне 3 пост жариялауды ұсынады. Кейбіреулер тіпті, бесеуін салғанды жөн дейді. Сіз туралы ұмытып кетпес үшін күніне біреуден болсын пост салған дұрыс. Ең маңыздысы – посттың сапасы. Себебі, күніне бірнеше сапасыз пост жарияласаңыз, адамдарға қызықсыз болып кетесіз.

А. Жапатова