Адамға ең қауіпті 4 нәрсе

Адамға ең қауіпті 4 нәрсе
Фото: www.factroom.ru

"Амалыңды түзетсең, әдетіңе айналады, әдетің мінезіңе айналады, мінезің – тағдырың". Ендеше, адамның ең бірінші жасайтыны – амалы. Қандай амал жасаса да, оның берекесін көру керек. Себебі, өмірде адам баласына қауіпті 4 нәрсе бар. Бұл құбылыстар сізге істе – береке, сөзде – жүйе, өмірде жеңіс әкелмейді.

Жалқаулық

Кез келген адамның қас жауы – жалқаулық. Он екі мүшең сау бола тұрып еріну, құлқың бұзылуы, ниет танытпау қай жағынан алып қарасақ та, адамның әлсіздігі деп есептеледі. Бала күннен бастап «жалқаулық» туралы тек жаман аңыздар, әңгімелер мен сөздер естіп өсеміз. Жақсы сөздің жарым ырыс екенін ескерсеңіз, ең қауіпті әдеттің бірінен аулақ болыңыз.

Ұйқы

Ұйқының өзі – Тәңірден. Яғни 6-8 сағат ұйықтап алмасаңыз, денеңізде дерттің белгілері пайда болады. Мәселен адамның түнгі ұйқысы қанбай, таңға жуық ұйықтаса, бел омыртқасына зақым келеді. Бұл ғылыми дәлелденген. Ал ұйқының дұрыс қанбауы – күні бойы жасаған әрекеттің пайдасыз қалуы немесе нәтиже әкелмеуі.

Семіздік (Мешкей)

Адамның көзі ешқашан тойған емес. Ең дұрысы уақытылы аз-аздан тамақтанған жөн. Яғни асқазанды бірден тойдырып алуға тағы болмайды. Ас дұрыс қорытылмай қалса да, ауруға әкеледі. Ал семіздік – кімге де болсын жараспайды, тым сүйкімсіз қалыптың бірі. Аузыңызды тыйсаңыз, семіздіктен ғана емес, өсектен де аулақ боласыз.

Рухани құлдырау

Руханият – бірде әлсіреп, бірде өсіп отыратын нақты бір орны жоқ қасиет. Бірақ шыңына жетсеңіз, нәпсіні жеңсеңіз, сізден асқан адал әрі жақсы жан жоқ. Сондықтан руханияттың әлсіреуінен сақтану керек. Егер бастаған ісіңіз береке әкелсін десеңіз, жеңісті тұғырдан көрінуге асықсаңыз, рухани жан дүниені өсіріп отырыңыз. Руханияттың құлпын үнемі кілтімен ашып отырыңыз.

Бұл 4 қауіптің бір-бірімен тығыз байланысы бар екенін білесіз бе? Мәселен семіз адам көзі тоймай тамақтана береді, ал көп тамақ ішкен адамның ұйқысы келеді. Ұйқы келген соң ешнәрсеге көңіл тартпай, жалқаулық келеді. Ал жалқаулықтың нәтижесінде руханияттың бағына келуден қаласыз, азғындыққа, жаман әрекетке ұрынасыз.

Денсаулықты да, тұрмыс-тіршілікті де өзгертетін 4 қауіптен сақтана біліңіз! 

М. Ақан