Мотивация алғың келсе, Еуропаны емес, Абайды оқы

Мотивация алғың келсе, Еуропаны емес, Абайды оқы
Фото: socreklama.kz

«1 миллион теңге тапқың келе ме?», «байып кеткіңіз келсе, келіңіз» дейтін жарнамалық бағыттағы тексттерден көз сүрінеді. Тіпті видео-роликтер де шығып, өздерінің идеологиясын өткізуге әлек.

Капиталистік қоғамда адамдардың мемлекетке бағынышты болып, «піс қазаным, піс» деп отыруы қателік. Себебі бұл жерде әрбір адамның өз алдына жеке кәсібі болғаны, шағын және орта бизнесі болғаны дұрыс. Дегенмен барлық адам кәсіпкер болуға жаралған жоқ. Осыны пайдалана білген ораторлар, кәсіп бастап дөңгелетіп отырғандар өздерінің тәжірибесін бөлісу мақсатында мастер-кластар, арнайы курстар аша бастады. Тек өкініштісі саны көп, сапасы аз.

Қазір жастардың кәсіпке жаппай келуі қуантарлық жағдай, бірақ адасып қалса ше? Оларды оқытатын спикерлер кімдер болуы мүмкін? Қандай еңбектер негізінде жұмыс жасайды? Бұл сұрақтарға олардың өздері де толыққанды жауап бере алмауы мүмкін. Себебі әлемде кәсіп бастауға байланысты шыққан кітап өте көп. Бір сөзбен айтқан кезде, Еуропаның екінші бір адамы миллионер не миллиардер атанса, кітап жаза салса керек.

Қай курсқа бармаңыз, бәрінің айтатыны «Еуропаның не АҚШ-тың кәсіпкері айтады» деп бастайды. «Мотивация жетіспейді», «өзіңді оятуың керек», «белгілі миллионер өзіңді оят» дейді деп көп мысалдар келтіреді. Ал сіз курсқа кел келген, әлі ауызынан уызы кетпеген бала секілді таң қалып, «мәссаған!» дегеннен басқа ештеңе айта алмайсыз.

Кәсіпкерлікке үйретіп жүрген спикерлердің айтатын мысалдарын оларға дейін қазақ әдебиетінде ұлы Абай өлеңге қосып, айтып та кеткен. Сіз байқадыңыз ба?

«Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең», – Абайдың сөзі кез келген кітаптың айтар ойын жеткізіп тұрған жоқ па?

Ал «өзіңе деген сенім» туралы шет ел әдебиетінен оқудың қажеті жоқ. Абайды алыңыз:

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап. Абайдан асып жеткізген адам бар ма?

М. Ақан