Өзіңіздің не досыңыздың көңіл күйін көтеру

Өзіңіздің не досыңыздың көңіл күйін көтеру
Фото: Jansen Coaching Heidelberg

Кейде жағымсыз әрі ауыр күндер болады. Біреуге ашуланасыз немесе жалқауланып, бәріне ерінесіз, қуатыңыздың азайғанын сезесіз. Осы кезде көңіл күйді қалай көтеруге болады?

Спортпен айналысу. Саябақта жүгіру немесе залға барып жаттығу секілді кез келген спорттың түрі ағзаны қуаттандырып, көңіл күйді көтереді. Аз ғана жүктеменің өзі, мысалы, 50 рет отырып тұру хал-жайыңызды жақсартады.

Ән тыңдау немесе фильм қарау. Күніңізді өзіңізге ұнайтын әрі көңілді әнді тыңдаумен бастаңыз. Мұндай әнді тыңдау адамның көңіл күйін көтеріп, бақытты ететіні дәлелденген. Әнді жай тыңдап қана қоймай, ұялмай қосылып айтыңыз. Фильмге келсек, комедия қараңыз. Ол көңіл күйді көтереді және демалтады.

Құшақтасу. Көңіл күйіңізді көтеруге құшақтасу жақсы көмектеседі. Досыңызды, туғандарыңызды, тіпті болмаса, көшедегі танымайтын адамға сізді құшақтауын өтініңіз. Біз өзімізді жаман сезінгенде құшақтағанды қажет етеміз. Құшақтау кезінде жүрек соғысын реттеп, күйзелісті төмендететін гормон бөлінеді екен.

Үй жануарларымен ойнау. Көңіл көтерудің тағы бір әдісі – үй жануарларымен ойнау. Олар – кішкентай үй емдеушілері. Олармен ойнасаңыз, проблемаңызды ұмытып кетесіз.

Тәтті жеу. Аздап шоколад немесе тәтті тағам көңіл күйді көтереді. Тек тойып алмаңыз. Оларды аз мөлшерде жесеңіз, пайдасы көбірек болады.

Ескі фотоальбом қарау. Балалық шағыңыздағы немесе демалыс кезіндегі суреттер көңіл күйді көтеруге көмегін тигізеді.

Жұпар иіс. Егер көңіл күйіңіз жоқ кезде жұмыста отырсаңыз, жұпар иісті шам көмектеседі. Егер жұмыста оған тыйым салынса, жұпар иісті майды иіскеу де көмектеседі.

Жалғыз қалу. Демалыс, тыныштық, жалғыз қалу кей уақытта көңіл күйді көтеріп, қуанышты болуға көмектесетін кездері болады.

Жақсы іс жасау. Ерікті түрде жұмыс жасайтын адамдар (волонтер) өздерін бақытты сезінеді. Себебі олар қоғамға көмектеседі, басқаларға уақытын бөледі. Жақсы іс жасасаңыз, біреуге көмектессеңіз, өзіңіздің көңіл күйіңіз де бірден көтерілетінін ұмытпаңыз.

А. Жапатова