Келісімшарт бойынша әскери қызметке тұруға қажетті құжаттар тізімі

Келісімшарт бойынша әскери қызметке тұруға қажетті құжаттар тізімі
Фото: today.kz

Келісімшарт бойынша әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, кәсіби өсу келешегін беретін, әскери қызметкердің өзінің, оның отбасының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін абыройлы жұмыс. 

Келісімшарттық қызметке қабылдау үшін сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша әскери басқармалардың жергілікті органдарына (әскери комиссариаттарға) жүгіну қажет.

Келісімшарттық қызметке қабылдау рәсімі келесі кезеңдерден тұрады:

- түсуге қажетті құжаттарды жинау және қабылдау;

- медициналық куәландырудан өту;

- дене дайындығы деңгейінің сәйкестігін анықтау;

- кәсіби дайындық деңгейін анықтау

- психологиялық жарамдылыққа тексеруден өту.

Алғашқы кезең бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметке тұру үшін құжаттар жинау керек. Бірінші жергілікті әскери басқарма басшысының немесе әскери бөлім командирінің атына өтініш жазу керек. Өтініште төмендегі ақпараттарды көрсетесіз:

1) Азаматтың тегі, есімі, әкесінің есімі (егер тұлғаны куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні, айы мен жылы, мекен-жайы;

2) Азамат келісімшартқа отырғысы келетін өкілетті органның, әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) атауы;

3) келісімшарт мерзімі.

Азамат өтінішімен бірге төмендегі құжаттарды тапсыруы қажет:

1) белгіленген үлгідегі бланкте толтырылған сауалнамалық мәліметтер;

2) қол қойылған жеке өмірбаяны;

3) тұлға мен азаматтықты куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі;

4) білімі туралы құжаттардың көшірмелері (салыстыру үшін түпнұсқаны бермеген жағдайда, нотариалды куәландырылған көшірмелер);

5) бар болған жағдайда еңбек кітапшасы;

6) сотталмағандығы туралы анықтама;

7) салық органының табыс туралы декларацияны қабылдағаны жөніндегі анықтама;

8) соңғы қызмет (жұмыс немесе оқу) орнынан мінездеме.

О. Сансызбай