БЖЗҚ: Зейнетке шыққаннан кейін бірден барлық соманы алуға бола ма?

БЖЗҚ: Зейнетке шыққаннан кейін бірден барлық соманы алуға бола ма?
Фото: vk.com

Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өмір бойы істеген жұмысынан құрмет демалысына шығып, зейнетақы алады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінде әрбір азамат өз табысынан зейнетақы жарнасын (еңбекақы түрінде төленуге тиіс табысының 10%-ын) аударып, өз зейнетақысын жеке өзі дербес жинайды. Сөйтіп, зейнетке шыққан кезде жинақталған ақша салымшыларға олардың жеке зейнетақы шоттарынан төленеді.

Бұл баршаға түсінікті жүйе болса да, азаматтар кейбір жағдайларға қатысты Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде және Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” заңына сай жүргізілетін Қазақстан Республикасында зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібін толыққанды біле бермейді. 

Осы орайда туындайтын сұрақтардың бірі: "Зейнетке шыққаннан кейін бірден барлық соманы алуға бола ма? "

Бірден сұрақтың жауабына көшетін болсақ, зейнетақы қорындағы барлық соманы алу төмендегі жүйе бойынша жүзеге асырылады. Тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының (2016 жылы «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен ең төменгі зейнетақы мөлшері – 25 824 теңге) отыз еселенген мөлшерінен кем болған жағдайда ғана барлық зейнетақы жинағын алуға болады. Яғни, қазіргі сәтте бұл сома – 774 720 теңге (30-ды 25 824 теңгеге көбейту).

Мысалы, зейнетақы шотыңызда 2,5 миллионға жуық теңге бар делік. Жоғарыдағы формула бойынша есептегенде жиған қорыңыз 774 720 теңгеден артық болады. Яғни, зейнетақы жинақтарыңыздың қалдығын ескерсек, барлық соманы бірден ала алмайсыз. Сіз жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептеуге болатын зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасын белгіленген кесте бойынша алуға құқылысыз. Осыған сай, жеке зейнетақы шотыңыздағы жинақ шамамен үш жыл ішінде төленеді. Мұндай тәртіп БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есебінен құралған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидасымен белгіленген. 

А. Оралқызы