Адамзат өзі жасаған жаңалығынан жеңілді

Адамзат өзі жасаған жаңалығынан жеңілді
Фото: Zastavki.com

Адамзат дамудың биігіне жетті. Әлі де жетеді. Тіпті бұл үрдістің шырқау шегі белгісіз болса да, оған қол жеткізеді. Себебі адамның қолынан бәрі келеді. Ақыл мен ойды біріктіре отырып, еңбек күшімен жемісті күндерге қол созады. Бірақ түбі не боларын ешкім бағамдай алмайды.

Адамзат жеңілді. Мойындаңыз, мойындамаңыз – біз жеңілдік. Біз біреуге есе беріп, біреуден жеңілген жоқпыз. Біз өзіміз жасаған жасанды интеллектуалды санадан, жасанды виртуалды өмірден жеңілдік. Қалай?

Таңертең тұра салып, инстаграмды ашу әдетке айналды. Одан қала берді уатсап желісіне келіп тұрған хаттарды ақтару, вконтактеде достық ұсынған қыздың не жігіттің кім екенін білу, фейсубктегі таңғы жаңалықтарды ақтару – бәрі қалыпты жағдай секілді. Бірақ бұл қалыпты жағдай емес екенін ғалымдар ескертіп-ақ келеді, оған құлақ асатын біреу бар ма?!

Жарықсыз май шаммен өмір сүрген көшпелі дала жұртына таңсық электр қуаты өшсе болды, үрейленіп, байбалам сала бастайды. Күні кеше ғана қараңғы даланың төсінде көздері жанып, жарқырауық қоңыздай өмір сүрген жұрттың мұнысы несі? Оған себеп біреу-ақ, көз үйренгенге сана үйренеді. Көз әдетке айналдырған нәрсе мида шартты түрде қалыптасады. Ендеше жарық біздің шартты қажеттілігіміз. Сол секілді әлеуметтік желі де шартты қажеттілікке айналды.

Қазір ғаламтор арқылы жұмыс жасайтын уақыт. Егер ғаламтор өшіп қалса, тіпті он бес минутқа өшіп қалса, әлемдік нарықта құлдырау болып, акциялардың бағасы түсіп, рейтинг біткен төмендеуі мүмкін. Ал бұл қолында ақшасы барлар үшін зор қауіп. Бұл арғы беті. Бергі жағынан алсақ, ғаламтор арқылы жұмыс істеп отырған түрлі сала бар. Солардың жұмысы тоқтап қалады. Ал жұмыс тоқтап қалды деген сөз ақша мен абырой айналмайды деген мән.

Ғаламтор – адамзат баласының өзі ойлап тапқан жаңалығы. Жар салып жария еткен керемет шедеврі. Ал қазір осы жаңалықтың бойында бүкіл адамзат жіпке тізілген маржандай болып отыр. Бір-бірін аңдуда.

Адамзат ойлап тапқан жаңалықтың соңы идеологияға ұласып кетеді деп осы саланы ойлап тапқан мамандар ғана ойлауы мүмкін, бірақ бұқара халық күдік тудырған жоқ. Өкінішке орай күдіктің соңы осыған алып келді. Мемлекет арасындағы, ұлт, ел, жер арасындағы соғыстар, түрлі әлеуметтік мәселелер осы әлеуметтік желі арқылы орын алып отыр. Жаңа технология дамыған сайын әлеуметтік желі де жаңарады. Бір-бірінен қалыспайтын заманда, бәрін ойлап жатыр. Бүгінде әлеуметтік желі жақсы істің бәрін қойып, жамандықтан да пайда табуға кірісті. Аттарын атап, түстерін түстемесек те белгілі.

Біз қалай ұтылдық:

Шынайы өмірде қарым-қатынас жасаудан қалдық; (туған-туыстардың амандығын «туыстар» чатынан білеміз, т.б.)

Сөйлесуге емес, жазуға икемделіп кеттік; (көп сөйлеуге ерінеміз, фонетикалық жақтан да сауатсызданып барамыз)

Жылаған баланың қолына телефон ұстатып жұбатамыз; (бастысы жыламаса болды, ал оның зияны маңызды емес)

Түнді-таңға, таңды-ұйқыға жалғаған дәуір келді; (түрлі тарифтер түн баласын бұзып, жастардың ұйқысынан айырды. Ал қалыпты ұйқының жайын күндіз орындауға асық. Ал бұл жауапкершіліктен бас тарту)

Махаббаттың ағымы көбейді; (шынайы өмірде біреу, жасанды әлемде сөйлесетін біреу, уақытша деген секілді сезімдер пайда болды)

Тікелей өлімге бастайтын тікелей эфирлер; (эгоизмнің элементтерін қанымызға сіңдіріп тастаған әлеуметтік желіде өзімізді көрсетеміз деп ажал құштық)

Сырымызды жасырып жүрміз деп, бәрін Google-ге айтып бердік;

Осы секілді түрлі жағдайда ұтылдық. Ұтқанымыз уақыт болар, ұтқанымыз тез әрі сапалы жұмыс жасау болар, ұтқанымыз жасанды интеллектуалды сана болар, ұтқанымыз екінші әлеммен өмір сүру болар, бірақ ұтылғанымыз – біз өзіміздің кім екенімізді ұмытып қалдық.

Шет елдік режиссерлердің түсіретін кейбір фильмдеріне қарап отырсаңыз, осы дүниені ашық көрсетеді. Шеберлер өздері ойлап тапқан түрлі химиялық қарудың, жәндіктердің, жан-жануарлардың, роботтардың құрбаны болып жатады. Ал бұл фильмдер тек қана қызық үшін түсірілген десе, сенер ме едіңіз?

Сіз де жеңілдіңіз, оқырман! Қайта тұрып күресуге шамаңыз жете ме ?!

М. Ақан