Уақыт келмейді, кетеді

Уақыт келмейді, кетеді
Фото: legionfg.ru

- Қайда асығасың, әлі уақыт бар!

Шындығында уақыты келері анық, бірақ бір орында тоқтап тұрмайтыны тағы бар. Тіпті ол аялдамадағы автобустың тұру уақытынан да жылдам кетеді. Өйткені бұл – уақыт.

Адамдардың түсінігінде «әлі уақыт бар» деген сөз тұрақты әрі шартты ұғымға айналып кеткен. Сөзіміз анығырақ болу үшін бір-екі мысалды диалог түрінде берсек.

- Жасың қаншада?

- 24

- Әлі жассың, үй болуға асықпа, уақыты келеді!

Ер бала үй болуға асығу керек. Тіпті қандай жағдай болмасын оның міндеті дайын болса отбасын құрып, жақсы өмір бастағаны жөн. Адам екі жарты бірігіп бір бүтін болмаған соң, түрлі жаман әрекеттерге барады. Жолдан таяды. Ал қабырғасымен ерте бастан кеңесіп, некелі жарының қасында болса, тіпті ол жиырма жаста болса да ерте емес. Қазақ танымындағы жігіттің отау құру жасы – 13. Қатып қалған аксиома болмаса да, ат жалын тартқан жігіттің үйленем деп тұрған кезде бетін қақпау керек.

- Жұмысты қашанға тапсырды?

- Келесі аптаның бірінші күні.

- Ой, асықпа, әлі уақыт бар. Жасайсың!

Бүгінгі жұмысты бүгін, ертеңгі жұмысты да ертеңге қалдырмай бүгін жасаңыз. Өйткені уақыты сіз ойлағаннан да тез келеді. Сіз ештеңеге үлгермейсіз. Бұл ақиқат. Сондықтан берілген тапсырманы берілген кездегі жауапкершілігімен уақытында орындап тастаңыз.

- Өзің сүйген адамды кездестірмегенсің

- Енді?

- Уақыты келеді, күт!

Иә, тағдыр сіздің маңдайыңызға бір аруды не ханзаданы жазғаны анық. Бірақ ол уақыттың ағысымен келмейді. Ол ендігі келіп қойған. Тек сізді күтіп жүр. Сондықтан бәрі уақытқа сырып тастай бермей, әрекет ету керек. Тер төкпей ештеңеге қол жеткізе алмайсыз.

- Бүгін барып қаралдың ба енді?

- Жоқ, әлі уақыт бар, аурухана қашып кетпес!

Біз қазақ халқы жалпы медициналық түсініктерге селқос қараймыз. Аурып қалсақ соңғы деңгейіне жеткенше жүре береміз. Тіпті мән бермейміз. Осының бәрі уақыты келеді, уақыт бар деп жүріп тапқан дерт. Уақыт бары бар, бірақ өлім ертең келіп қалса, уақытта амал бар ма?!

Сағатыңызға үңіліңіз, уақыт тоқтап тұр ма әлде жүріп тұр ма? Тоқтап тұрса тезірек барып жүргізіп қойыңыз. Ал жүріп тұрса, асығыңыз! Уақыт келе жатқан жоқ, кетіп барады.

М. Ақан