Кеңес: Жиырмасыншы көктеміне енді аяқ басқандар үшін

Кеңес: Жиырмасыншы көктеміне енді аяқ басқандар үшін
Фото: Н.Карпушенко

Бизнесмен, жазушы Ник Гарридің өзінің парақшасында «Мен енді ғана 30-шы көктемімнің табалдырығын аттадым. Бірақ, ойлап қарасам, осы жасқа дейін жіберген қателігім өте көп екен. Сол себепті 20 жасқа таяған «өзіме» арнап мына кеңесті жазып отырмын» деген. Сондықтан, бір көйлек түгіл он көйлек бұрын тоздырғанның ақылын тыңдасақ кем болмаспыз.

Саяхатқа аттан

Мүмкіндік болып тұрғанда, дәл қазір саяхатқа аттан. 30-ға толған шағыңда “ел, жер көрмедім” деп өкінбейтін боласың. Сондықтан, қазірден бастап бір жыл бойы еңбектеніп, саяхатқа қажетті қаражатты жина. Ол үшін көп қаржы қажет болмайды.
Ол жақта не бар екенін білмей тұрып, не істеу керек екеніңді қайдан білерсің? Бірақ, басың ауған жаққа бара салудың қажеті жоқ. Өзіңе берері мол, танымыңды арттыратын, сені сынай алатын жерге бар. 


Жаса 

Жастық шағыңды бөгде біреулерге арнау - ең мәнсіз әрекет. Тек өзіңе жұмса. Сен өзіңнің қалай өмір сүргің келетінін дәл қазір анықтап ал. Өзгенің көзқарасын, пікірін тыңдап емес, оны саралау арқылы өзіңнің көзқарасыңды қалыптастыру керек екенін ұғын. 

Оқы 

Күн сайын, сағат сайын оқы. Оқуға мүмкіндік болған сәтті мүлт кетірме. Дегенмен, білетін нәрсеңді емес, адамдар жайлы оқы. Адамдарды танып біл. 

Теледидарды таста

Теледидарды жәй ғана өшіре сал. Тіпті, тезірек сатып, көзін құрт. 

Мансап

Мансап қуатын уақытың әлі бола қойған жоқ. Алдымен өзіңді дұрыс қалыптастыр. 

Сенім 

Сенің жаңа идеяңды дос-жарандарың жоққа шығарса да, адамдарға сеніп үйрен. Бірақ аңғал болма. Себебі кейбір адамдар сені алдау үшін ғана өмір сүреді. 



Адамдар 

Адамдар – сенің өміріңде кездесетін жақсылық пен жамандық атаулының себепкерлері. Кейбірі жетістікке жетуіңе көмектеседі. Кейбірі сені етегіңнен тартып, құлауыңа «көмектеседі». Көпшілігі жай ғана өткінші жауын.
Сенің өміріңді түбегейлі өзгертетін адамдар саны өте аз. Сондай адамдарды іздеп тап. Айналаңда бас айналарлықтай көп достың болуы міндет емес. Саған қол ұшын созатын, сен де тірек бола алатын адамдар ғана болғаны абзал.

Уақыт 

Уақыт саған қайта айналып келмейді. Сондықтан, сеніміңді ақтай алмайтын адамдармен араласам деп есіл уақытыңды жоғалтпа. Сені адам құрлы көрмейтін қызға уақытыңды шығындама. Сені дәл өзіңдей бағалай алмайтын достарыңа уақытыңды зая кетірудің қажеті жоқ. 
Ешқашан келісілген уақытынан кешікпе. Өзгенің алтын уақытын бағалап үйрен. Сенің кешігуің - басқаны елемеуің.

Қателік 

Қателік деген керемет ұғым. Алға жылжуға ең көп себін тигізетін нәрсе де осы қателік. Жетістіктің негізі де қателік. 

Жетістік 

Жетістікке жетудің уақыты деген болмайды. Жиырма жасыңда жетістікке жету мүмкін емес деген сөзге алданба. Ешқашан жете алмайсың дегендерге де сенбе. Бір күні жетесің. Соған дейін өзіңді дамытып, біліміңді арттыра беруің қажет. 

Төзім

Төзімді болу қажет. Шыда, күт. Сонда ғана сен жетістікке жетесің. Бірақ, еңбектену керек екенін есіңнен шығарма.

А. Оралқызы