Ұшақта отырғанда қорықсаңыз...

Ұшақта отырғанда қорықсаңыз...
Фото: youtube.com

Әлемдегі ең қауіпсіз транспорттардың алдыңғы қатарынан ұшақты кездестіруге болады. Бұлай дейтініміз ұшақтан зардап шегіп, опат болатындардың саны өзге тасымалдаушы құралдардан едәуір аз. Алайда, әуеде қалықтаған көлік істен шыққан жағдайда, жолаушылардың аман қалуы 100-ден 1 пайызды ғана құрайды. Сондықтан көптеген адам аталған көлік құралына отырар алдында үрейге берілетіні анық. Сол себепті бүгін біз назарларыңызға әуежайда қобалжыған мезетте өзіңізді сабырға шақырудың бірнеше тәсілін ұсынамыз. 

Мұндай жағдайда ең бірінші өзіңізді алдандыратын басқа дүниелерді ойлағаныңыз абзал. Мысалы, әуежай ішіндегі дүкендерді аралап, оларға назар аударып, айналаңыздағы көңілді жандарды көзіңізбен бір шалып өтсеңіз болады. Жаман ойдан аулақ болып, жететін жеріңізде не істеймін деп көбірек ойланыңыз. 

Екіншіден, қасыңызда отырған адаммен танысып, жақсы әңгімелесуге құмартып тұрыңыз. Өзіңізді жеңу үшін "ұшақпен ұшқан қандай, бірінші рет ұшқанда қорқыныш болды ма?" деп диалог құрып отырып өзіңізді сабырға шақырыңыз. Егер ол адамның қолы тимей немесе сөйлесуге зауқы соқпаса, қайта-қайта мазасын алудың қажеті жоқ. 

Үшіншіден, ұшақ бортында әрбір адамға берілетін құлаққап болады. Дауысын шығарып, көңілді дүниелерді тыңдауға тырысыңыз. Өзіңіздің үлкен арманыңыз орындалғанын сезініңіз. Сондай-ақ әуеде қалықтаудан ләззат ала біліңіз. 

Төртіншіден, қатты қобалжып тұрғанда жақын адамдарыңызға қоңырау шалып, өзіңіздің ұшаққа отырғалы жатқаныңызды айтыңыз. "Қандай сыйлық әкелейін?" деп қуантып қойсаңыз да артық болмас. 

Бесіншіден, ұшақ ішіндегі әртүрлі оғаш дыбыстан қорқудың қажеті жоқ. Төменге қарап құласақ не болар екен деген ойдан арылыңыз. Оның барлығы сіздің басыңыздағы жай ғана қорқыныш.

Көптеген адамның айтуы бойынша, ұшақта отырып ләззат алу – өзге транспорттардың ішіндегі ең кереметі. Әуеде қалқып, ақ бұлттарды кесіп өткендегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес.  

B. ZHAQSYMBET