Өтірік айтыңыз...

Өтірік айтыңыз...
Фото: Популярная психология

«Өтіріктің құйрығы бір тұтам» дейтін сөз бар. Өтірік айту – күнә. Өтіріктің тасы да өрге жүзбейді. Өйткені шындықтан аттап, ақиқатқа қастандық жасау адамгершілікке жат нәрсе. Дегенмен өтірік айтуға тура келетін де кездер бар. Оның жазасы керісінше жақсылық болуы мүмкін. 

Өтірік айтыңыз... 
Науқастанып жатқан жақыныңыз үшін. Төсек тартып қалған досыңыз болсын, жақыныңыз болсын оған өтірік айтыңыз. Жағдайы қиын кезеңде жатса да, сауығып кетесің деп жігерлендіріңіз. Өзі жаман сезініп жатса, бәрі кереметтігін айтып, ертең-ақ жүріп кететінін өтірік болса да жеткізіңіз. Сіз бұл өтірігіңіз үшін жазадан құтыласыз. 

Өтірік айтыңыз... 
Көңіл үшін. Адам баласының ең нәзік тұсы оның көңілі. Көңіл көңілшек келеді. Сондықтан оны қалдырмас үшін де өтірік айтыңыз. Досыңыз өзі ұнатып тұрған киімді немесе сол секілді аса қалап тұрған нәрсесін сізге көрсетіп мақтанса, «керемет» деуден қашпаңыз. Әрине, ол керемет болмауы да мүмкін, бірақ сіз өтірік айтып өзіңіз де тыныш, оның да көңілін қалдырмайсыз. Бірақ тым үйлесім таппай тұрса, онда жанамалап жеткізіңіз. Тікелей айтылған шындық жүрекке ауыр тиюі мүмкін. 

Өтірік айтыңыз... 
Әлі балиғат жасына толмаған балаға да өтірік айтуға болады. Жасына жетпей білмеуі керек ақиқат көп. Оларды бала есейе келе өзі түсініп бағдар жасайды. Оған дейінгі сіздің міндетіңіз өтірік айту. Жұқалап айтқанда, алданыш қылу. 

Өтірік айтыңыз... 
Алдаңдатпау үшін. Ата-анаңыз алаңдамауы үшін, жақындарыңыздың сіз үшін қамығып қалмасы үшін өтірік айтыңыз. Сәл тұмауратып қалғаныңыз үшін, ақшаңыздың қыдыруға жетпей жатқаны үшін, көңіл-күйіңіз жаман екендігін тура айту олар үшін маңызды мәселеге айналып кетеді. Сондықтан барынша «бәрі жақсы» деуге тырысыңыз. Ал аталған жоқшылық уақытша ғана.

Өтірік айтыңыз... тек керек кезінде! 

М. Ақан