Күнделікті күйбең жолды қызықты өткізіңіз

Күнделікті күйбең жолды қызықты өткізіңіз
Фото: vk.com Зеленая лампочка

Күннің бір ғана сәулесі адам жанын жылытуға қауқарлы екеніне таңмын.
Ф. Достоевский

Қашан, қайда жүрсем де айналадағы адамдардың жұмысқа дейінгі не керісінше үйге қайтатын жолды ойлаған кезде көңілі түсетінін байқаймын. Әрине, жолдың ұзақтығы, кептеліс, шу, түрлі адамдар, жұмыстан шаршау, ұйқының қанбауы, кезекті емтихан – барлығы еңсені түсіретіні анық. Бірақ, байқағанға осы аралық сіздің әр күніңіздің кем дегенде бір сағатын алады.

Мен де өзгелер секілді “Шіркін-ай, қанатым болса, ұшып барар ма едім?!”– деп ойлайтынмын. Күтіп, күтіп қанат пайда болмаған соң, күнделікті күйбең жолды өткізудің басқа жолдарын ұстана бастадым.

Солармен бөлісе отырайын!

1.     Көтеріңкі көңіл-күймен қабылдай біліңіз

Ең алдымен, үйден жұмысқа, оқудан үйге жүретін жолыңыз сіздің өміріңіздің бір бөлігі екенін үнемі есіңізде сақтаңыз. Бұл өмірдің кішкене бөлшегін үнемі көңілсіз қабылдайтын болсаңыз, әр күніңіздің бір сағатын бақытсыздықпен өлтірдім деп біліңіз. Есіктен шыға бергенде күннің шұғылалы нұрына немесе суық шымыр желге бетіңізді тосып, бірер минут кідіріңіз. Табиғат-Анамен бір сәттік қауышудың өзі жүрегіңізге жылу, көңіліңізге көтеріңкі күй сыйлайды. Одан әрі өзіңізді көктемгі орманда серуендеп келе жатқан адамдай сезініп, сайраған құстардың әнін тыңдай аялдама бағытында жүріп отырыңыз.

2.     Кітап оқыңыз

Егер жоғарыда айтылғандай қияли әлемді ойлап табуға "есіңіздің түзулігі" кедергі болса, екінші тәсіл сіз үшін. Оқимын деп ойлап, бірақ қолыңыз тимей жүрген кітапты үнемі өзіңізбен ала жүріңіз. Сонда әдебиеттің қиял әлеміне әуре болмай-ақ, оңай сүңгіп кетесіз. Кітап болса көлікпен жұмыстан кейін үйге жеткенше XIX ғасырдағы Петерборлық салтанатты кештерге немесе XV ғасырдағы Еуропадағы жезтырнақтарды өртеу салтына, тіпті, Гэтсбимен шай ішіп, Есенинмен әңгімелесіп қайтсаңыз да өз еркіңіз. Патша көңіліңіздің қалауы білсін. Аталған жерлерге жұмыстан арнайы демалыс алып барып қайтамын десеңіз де, оған ешкім билет сатпайды. Сондықтан, кітаппен дос болыңыз. Жаныңыздан тастамаңыз.

Айтпақшы, отырған жеріңіз тым шулы болса, аудиокітап тыңдаңыз. Ол кезде ішкі дауысыңыз “Кітапты маған оқытпадың”- деп ренжуі мүмкін. Дегенмен, ашуы тез қайтады, тексеріп көргенмін.

3.    Жаңа жол табыңыз

Кейде көңілдің түсуіне күнделікті күйбеңнің бітпей қайталана беруі де әсер етеді. Оның үстіне үнемі бір жолмен жүретін болсаңыз, жүйкеңіз сізді жақтырмайтынына сене беріңіз. Бір ғана жолмен жүруге бағдарланған роботқа ұқсамай, бір күні арнайы сәл ертерек шығып, үйіңізге жетелейтін жаңа жол салыңыз. Егер алдыңызда "орталық миы демалыста жүрген аға" (Тұрсынбек Қабатов) еуропалық сәнбикештер сияқты өз аяғына өзі сүрініп келе жатса, телефоныңызды құлағыңызға тақап, жүрегіңізді қолыңызға ұстап кері қашпаңыз. Оның сізге тигізер зияны жоқ. Еңсеңізді көтеріп, арқаңызды тік ұстап алға қарай адымдай беріңіз. Ал, енді есіңізді жия бергенде алдыңыздан жол жиегінде бәліш жеп отырған бір топ таксист жігіттер ысқыру ықтималдығы 90 пайыз. Ондайда өзіңізді Феллини фильмдерінің көрікті кейіпкерімін деп ойлаңыз. Бірақ образға кірем деп сызылмай, тез-тез жүріп өткеніңіз жөн.

Алдыңызда кім жолықса да, не орын алса да, барлығын алдын алу мүмкін емес, сондықтан жай ғана өмірдің әр қырын шын ниетіңізбен сүйіңіз.

4.     Жоспар құрыңыз

Жалпы күнделікті жолда жоспар құрып, барлық атқарылуы тиіс істерді ойластырған өте пайдалы болатыны айдан анық. Таңда алдағы күніңізде істейтін ісіңіздің тізімін жасасаңыз, кешке “Не істедім? Не қойдым?” деген сұрақтарға жауап іздеңіз. Әдетте, таңдағы тізім қырықтан асса да, кештегі сұраққа жауап табылмай жатады. Әлде, ондай жағдай тек менде ғана бола ма? Қалай болғанда да, екеуінің тең болуына жағдай жасаңыз.

5.     Ән тыңдаңыз

Жоғарыдағының бір де бірі көңіліңізге қонбаса, ән тыңдаңыз. Әрине, құлаққабыңызды сөмкеңізден тапсаңыз. Оның үстіне шиеленіскенін тарқатам деп отырып жарты сағат өтіп кетеді. Есесіне жолыңыз қысқарады. Иә, оның да жақсы жағы бар... Енді, автобустың терезесін ашып қойыңыз. Кешкі қалаға сүйсіне, көңіліңізде қалған бақытты сәттерді санаңызда қайта жаңғырта отырып демалыңыз. Тек әуеннің әсеріне түнгі қаланың шарап дәмі қосылып, аялдамаңыздан асып кетпесеңіз болғаны.

Жалпы, бұл шаралар уақытша ғана жүзеге асады, кейін қанат біткесін жолға уақыт жоғалтпай ұшып барамын.

А. Оралқызы