Несиеге той жасау некеге әсер ете ме?

Несиеге той жасау некеге әсер ете ме?
Фото: vk.com

1947 жылы De Beers зергерлері «Гауһартастар мәңгілікке» деген жарнамамен жұрт көңілін жаулаған еді. Содан бері миллиондаған адам осы жарнамаға сеніп, «гауһартастар мен той шығындары неғұрлым мол болса, жұбайлық өмір соғұрлым баянды болады» деп келді. Бүгінде экономистер бұл пікірдің қате екендігін дәлелдеп отыр.

Эмори университетінде жүргізілген зерттеу нәтижесі «неке жүзігіне 2000 доллардан астам қаражат жұмсаған жұптардың одағы олардан азырақ шығындалғандарға қарағанда көп жағдайда ажырасумен аяқталады» деген тоқтамға келген. Оны былай қойыңыз, тіпті некелесу тойына көп шығындалған (20 000 доллардан астам) жұптардың некелерінің «жанбай жатып сөну» қаупі үш жарым есеге жоғары екен.

Эмори университетінің қызметкері Хьюго Миалонның айтуынша некелесу үшін алынған несие де отбасының бұзылуына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, ол тойға көп шашылмай, аз ақша жұмсайтын жұптардың керісінше бір-біріне сай келіп, ажырасу көрсеткішінің төмен болатындығын да алға тартады. Зерттеу нәтижесі бойынша баянды некенге әсер ететін тағы бір нәрсе бар. Ол не дейсіз ғой? Ол – жұбайлардың бал айына барып қайтуы, оған бірақ бағаның еш қатысы жоқ.

Дереккөз: nationalgeographic.kz

Е. Жұмабайұлы