Қызықты шай ішу дәстүрі

Қызықты шай ішу дәстүрі
Фото: joinfo.ua

ХІХ ғасырдың ортасына дейін шайды дүниежүзіне Қытай өзі ғана сатып келген. Қытайлықтар шай өндіру сырын жібек, фосфор, дәрі өндіру құпиясын жасырғандай, басқа халықтардан керемет ұқыптылықпен жасырып келді. Бірақ осы шайдың сырын үйренуге көпшілік құлшынып отырды. Мұны білмекке құмартқан ағылшын кәсіпкері бір көңілшек қытайға ақша беріп, оны әзірлеу технологиясын үйреніп алады.

Бұл – қытайларды шай сатудан түсетін орасан зор пайдадан қағып түсірді. Шай ақсүйектерден қарапайым шаруаның дастарханына дейін таралып, өзіндік орын алған.  Мейрамхана не үйде болсын, кез келген қытайлықтың дастарханында көк шайы бар шәйнек тұрады. Ол – дәстүрлі сусын түрі. Енді әр елдің шай ішу дәстүрімен танысайық.

Қытай дәстүрі

Қытай шай ішу салтанатында ыдысты, ішетін суды арнайы таңдап алады. Шай демдейтін ыдыс сазбалшықтан жасалуы тиіс. Көбіне қызыл-күрең исин сазбалшығынан жасалғаны таңдалады. «Балшық шебердің қолына түспес бұрын ұзақ жылдар бойы суда тұрса, ерекше беріктікке ие болады» дейді шайдың сырын білетін мамандар. Қытайлықтардың пікірінше, дәл осындай ыдыста шай тыныс алады. Шайдың әрбір сорты жеке шәйнекте демделеді.

Шай демдеудің классикалық тәсілдері бойынша, шай буланған кезінде шамасы шәйнекті толтырып тұратындай болуы керек. Шайға арналған су сол шай өсірілген таудағы бұлақтан алынуы тиіс. Сапалы шайды он мәрте қайнатып ішуге болады. Шайды таза күйінде қантсыз және сүтсіз ішеді.

Жапон дәстүрі

XV ғасырдан бастап Жапониядағы шай ішу дзэн-буддизм философиясы мен эстетикасына айналды. Кейіннен бұл дәстүр филофофиялық спектакль-пантомимо ретінде салтанатты түрде өткізілетін болды. Онда аса маңызды рөлді арнайы шай ішу салтанатының шеберлері орындайды. Шеберлер шайдың тарихына, маңыздылығына жете тоқталып, философиялық мән-мағынасын ашып көрсетеді. Мысалға айтар болсақ, салтанатқа арнайы келген адам шай ішетін бөлмесі бар үйге кірмес бұрын бір шөміш сумен қолын, аузын жуады. Аяқ киімін ауыз үйге шешіп кіреді. Адам бойынан аласа етіп жасалған есіктен еңкейіп өтеді.

Ол есіктің аласа болуының да мәні бар. Аласа есіктен еңкейіп кірген адам шайға құрмет көрсеткен болып саналады. Онда «Шайдың алдында бәрі тең» деген қағида қалыптасыпты. Қызметшілер қонақтарды иіліп қарсы алып, оларды шай бөлмесіне кіргізеді. Сосын шай туралы әңгімені айтып береді. Әңгіме аясында шай рет-ретімен құйылып, ұсынылады.

Ұлыбритания дәстүрі

Шай ішу дәстүрін Бедфорд герцогиниясы VII Анна енгізді. Ол кешкі тамақ ішуге дейін қарын ашқанын басу үшін түстен кейінгі уақытта шай ішуді әдетке айналдырған. Ағылшындар қалыптасқан дәстүр бойынша сағат бесте міндетті түрде шай ішеді екен. Бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталып келеді. Сағат бестегі дәстүрлі шайға нан, бүтіндей пісірілген жұмыртқа, печенье, түрлі тәттілер, арпадан жасалған нан, дәмделген бөлкелер ұсынылады.

Г. Берік