Ұлы істің бастамасы

Ұлы істің бастамасы
Фото: liveinternet.ru

Адамның биік дәрежеге жетуі үшін екі нәрсе керек. Ол: мақсат пен еңбек. Алға мақсат қоя білу өте маңызды. Өйткені, Адам мақсатты қалай қойса, ол соған қарай ұмтылады. Мақсат дегенді биік тауға балау керек. Сол таудың шыңына жеткенше, мейлі жығыл, мейлі сүрін, қайта аяққа тұрып  талпынамыз. Сол себепті әрбір адам мақсат қоярда биіктердің  биігіне ұмтылуы керек. Мен мақсат дегенді екіге бөліп қараймын. Бірі-ұлы мақсат, ал екіншісі- сол ұлы мақсатқа жету жолындағы әрбір іске қойылған кіші мақсат. Ең бірінші біз ұлы мақсатты таңдап алуымыз керек.Содан соң соған қарай еңбек етеміз.

Кез келген адам  биік мақсат қоя білуі және оған сай еңбектене білуі керек. Мақсат қою оңай болғанмен, оған ұмтылу, жету қиын.  Мақсат пен еңбек мағынасы байланысты екі сөз ғана болып көрінгенімен, олардың арасын байланыстыратын талай ұғым бар. Адам бәрін де тепе-теңдікте ұстай отырып, мақсатқа ұмтылуы керек. Ең алдымен адам неден бастайды? Мақса қоюдан…  Мақсат бар жерде  арман бар, арман бар жерде үміт бар, үміт бар жерде ниет бар, ниет бар жерде талап бар, талап бар жерде еңбек те бар. Бұлар — бір-бірімен ажырағысыз,  тығыз байланысты қасиеттер. Егер мақсат қоя алмай, нені шын мәнінде қалайтыныңды білмесең — ол ойсыздық. Ал мақсат қоя тұра еңбектенбесең, ол-жалқаулық, егер еңбектенуге ниет болмаса, онда адамның арманым бар, мақсатым бар дегенінің өзін шындыққа жатқызу қиын.

Кейде адамды «жалқаулықтың», «талапсыздықтаң» мысы басуы мүмкін, «ондай болмақ қайда маған» деп, өз-өзіне сенімсіздік тууы мүмкін. Ол-заңдылық. Сондай кезде қалай өзіңді жөнге салу керек? Мақсаттан қалай айырылып қалмау керек?  Мақсатқа қалай жету керек?

Ең алдымен адам өмірлік ұран ұстануы керек. Мысалы, менің ұраным: «Ұлы істерді жүзеге асыру үшін биік мақсат қоя білу керек». Екінші, адам мақсат қойған күнінен бастап Джеймс Лейн Алленнің «Дәл бүгіннен бастап» деген мынадай бағдарламасын ұстануы керек: 

- Дәл  бүгіннен бастап  «Мен  бақыттымын»,-деген сөзді басшылыққа аламын. 

- Дәл бүгіннен бастап мен қоршаған ортадан тек жақсылық іздеймін, ойым мен  ниетімді жақсылыққа бағыттаймын. 

- Дәл бүгіннен бастап  мен өзімнің ой-өрісімді  кеңейте бастаймын. Білімімді толықтырамын. Миымды жаттықтырамын, қозғауға күш беретін кітаптар оқимын. 

- Дәл бүгіннен бастап мен өзімді жетілдіруді қолға аламын. 

- Дәл бүгіннен бастап өз істерімді жоспарлап, әрбір сағат сайын не істегенімді  жазып отырамын. Мен дәл осы жоспарым бойынша жазылғандарды  жүзеге асыра алмауым мүмкін, бірақ мен оны жасап қоямын. Бұл маған екі жаман әдеттен- асығыстық пен шешімсіздіктен арылуға мүмкіндік береді. 

- Дәл бүгіннен бастап  мен жарты сағат жалғыздықта, тыныш жерде отырып тынығамын, ойларымды қалыпқа келтіремін. 

- Дәл бүгіннен бастап мен бақытты болудан, мақсатқа ұмтылудан қорықпаймын.

Үшіншіден, Абай атамыз айтпақшы, «күніне бір рет, жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен-өзің есеп ал». Сонда ғана сен өз-өзіңді дұрыс бағалайсың.

Шынымен де, кейде адам басында дәрменсіздіктер болады. Сол кезде осындай сөздермен қанаттанып, қайта аяққа тұру керек. Себебі бізді алда биік мақсат күтіп тұр. Ал ол үшін  бір сәт те дамылдауға болмайды. Қанша көп еңбектенсек, мақсатқа сонша тез жетеміз. Бұл сөздер тек қиыншылыққа тап болған адамға емес, кез келген жанға, мейлі  жаңа өмірге қадам баспақ болған жастар үшін де, жас балалар үшін де, ата-аналар үшін де керек, әрдайым жадында жүруі тиіс. Есте сақта, «іздеген адам қашанда табады, еңбектенген адамның маңдай тері бір күн болмаса бір күні әйтеуір ақталады!» Онда не тұрыс? Мақсат қой да  алға ұмтыл!

Камшат ЖҰБАТХАНОВА

Ж. Исакаев