Жолға арналған бағдарламалар

Жолға арналған бағдарламалар

Алыс сапарға шыққанда жақындарыңызбен байланыс үзілмес үшін, жұмысқа байланысты құжаттарды уақытылы жіберу үшін, хаттарға уақытылы жауап беріп, суреттермен бөлісуге ыңғайлы болу үшін ультрабугіңізге қандай бағдарламалар орнатып шығу ләзім? Сол жайлы талқылайық.

Skype

Алыс жолға шыққанда туыстармен хабар алмасу мәселесі туындайды: бір жағынан көрген-білгеніңмен тез арада бөліскің келіп, соңғы жаңалықтарды естігің келеді, екінші жағынан – роумингтегі ұялы байланысқа көп шығындалғың да келмейді. Бұл мәселені компьютерден компьютерге қоңырау шалатын Skype бағдарламасы шешеді және арзан төлемге компьютерден ұялы телефонға хабарласуға мүмкіндік береді. Ол үшін компьютеріңізді интернетке қосып, мысалы, өзіңіз орналасқан жердегі тегін Wi-Fi нүктесін тапсаңыз жеткілікті. Егер байланыс жақсы болса видеобайланысты да қосып, туыстарыңыздың бет-әлпетін көре отырып сөйлесе аласыз.

Dropbox

Іссапарда жүргенде әріптестеріңізге құжаттар, суреттер немесе басқа да ақпараттарды жіберу қажеттілігі пайда болады. Көлемі кішкентай файлдарды электронды пошта арқылы жіберуге болатын болса, «үлкен» файлдармен Dropbox арқылы бөлісу ыңғайлы. Ноутбугіңізге Dropbox қосымшасын орнатып алыңыз да құжаттарыңызды арнайы папкаға салыңыз, желіде байланыс пайда болғанда ол автоматты түрде серверге түседі. Содан кейін арнайы файл немесе папкаға сілтеме пайда болады, сол сілтемені керек адамдарға жібере саласыз.

2ГИС

Google Maps және «Яндекс.Карты» сынды картографиялық сервистер таныс емес қалада бейімделуге жақсы көмектесері анық, бірақ қолда тегін интернет болмаса не істеу керек? Мұндай жағдайда 2ГИС анықтамалық қызметі көмекке келеді. Ол үшін жолға шығар алдында бағдарламаны өз ультрабугіңізге орнатып алып, бара жатқан қалаңыз жайлы толыққанды білу үшін қосымшаларын түсіріп алсаңыз болады.  

2ГИС анықтамалық қызметінің Алматыда да офисі бар.

paint.net

Әдемі жерлерді көріп қана қоймай, суретке түсіруге әрбіріміз әуеспіз. Достарымызбен бөлісу үшін кейде суретке жарқындық жетіспей жатады. Суретті өңдеп, түсін анық ету үшін Paint.NET графикалық редакторы көмекке келеді. Photoshop-тың мықтылығы жайлы бәріне мәлім, бірақ графика маманы еместерге Paint.NET-тің тегін пакеті жеткілікті.

Paint.NET-ке ұқсас Gimp деген тегін редактор, сонымен қатар Google-дің Picasa бағдарламасы да бар. 

The Bat

Ең танымал және ең ыңғайлы пошталық қызмет көрсететін осы The Bat болар. Бұл бағдарлама бірнеше поштадан хат жинақтауға ыңғайлы. Сонымен қатар, The Bat-пен жолда жүргенде өте көмегі тиеді, интернет бар кезде хаттарды түсіріп алып, кейін асықпай оқып алуға болады. Және де жауаптарды дайындап қойып, кейін мүмкіндік болғанда бәрін бірге жібере салуға да жақсы.

The Bat-тың басты кемшілігі оның ақылы екендігі: бағдарламаны арнайы сайтынан сатып алуға болады.

Интернетте The Bat-қа ұқсас көптеген бағдарламалар бар. Олардың ішінде ең танымалы Mozilla Firefox браузерінің Thunderbird тегін пошта қызметі.

Lingvo

Кейде шетелде жүріп, кейбір құжаттар мен хабарламалардың аудармасын білу керек болады. Егер қолда интернет болса онлайн-сөздік пайдалануға болады, алайда қарапайым ABBYY Lingvo сөздік-бағдарласы ең ұтымды шешім. Бұл қосымша тек қарапайым тексті ғана аударып қоймай, PDF-файл, сканерленген документтер және басқа да ыңғайсыз форматтағы құжаттарды аудара алады. Алайда бұл қосымша да тегін емес.

pMetro

Таныс емес қалада таксимен жүрген ыңғайлы, алайда метро қызметін пайдалану арқылы сіз біраз ақшаңызды үнемдей аласыз. Әлемнің 200-ге жуық қалаларының метро маршруттарын білу үшін pMetro бағдарламасын пайдалансаңыз болады. Оның көмегімен жақын жердегі станцияларды, қандай маршрутпен жүру керек және жолға кететін уақытты да есептеуге болады. Бұл бағдарлама тегін. 

Cуреттер: Thinkstock.com, getpaint.net

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina