Қызға қырық үйден тыйым немесе 100 кеңес #2

Қызға қырық үйден тыйым немесе 100 кеңес #2

Біреуге кеңес беру оңай, алайда сол айтқандарымызды өзіміз орындау қиынға соғады. Бүгін қыздарға арналған 100 кеңестің 2-бөлімін жариялаймыз. Мен тек шындыққа жанасатын емес, мұнымен қатар өз басымнан өткерген қиындықтардан шығуға көмектесетін кеңестерді ұсынуды жөн көрдім.

34. Барлығын өзің жасама, жұмысты сен үшін біреудің орындауына мүмкіндік бер. Иә, иә, дәл қазір көп қыздың маған манипуляция жайында айтқысы келетінін түсінемін. Бірақ, қолыңда сүйіктіңді аз қинап қою мүмкіндігі болса, оны міндетті түрде пайдалан деймін. Мысалы, бүгін сабағының тапсырмасын орындауға көмектескен болсаң, ертең ол саған көлігіңді жөндеуге көмектессін. Қысқасы үнемі қуантсын.  

35. Мини белдемшеден бас тарт.

36. Жаз мезгілінде өте тәтті иіссу қолданбағаның жөн. Бұл жүректі айнытып, жаныңдағылардың аллергиясын қоздыруы мүмкін. Оны гүл иісі аңқып тұратын иіссумен алмастыруыңа болады.

37. Міндетті түрде жарты жылда бір рет дәрігерге қарал. Бұл тіс дәрігері, көз дәрігері, гинеколог мамандарға қатысты айтылып жатыр. Жай тексерілу әлі ешкімге зиянын тигізген жоқ.

38. Кейде отбасыңа ойда жоқ жерден тамаша сыйлықтар тарту ет.

39. Дезодорант қолдануды ұмытпа. Қыз баладан әрдайым жақсы иіс шығып тұруы керек.

40. Өзіңе арнайы профессионал фотографты жалдап, суретке түс. Жастық шағың есте қаларлықтай болсын. Бұдан кейін суреттеріңді бөлме қабырғасына іліп, өзіңнің әдемі екеніңді ұмытпа.

41. Бітіру кешіне ақ көйлек киюдің қажеті жоқ. Мұндай көйлекті кию мүмкіндігі тойыңда да бұйырады.

42. Фильмнен естіген, кітаптан оқыған дәйексөздерді есіңде сақта. Және оларды өмірде қолдануды ұмытпа. Осылайша өзіңнің қызықты адам екеніңді көрсетесің.

43. Әрдайым кино, театр, музыка, сән жаңалықтарын бақыла. Бұл кез келген адаммен әңгімелесуге мүмкіндік береді.

44. Материалдық құндылықтарды тым жоғары қойма. Айфон, планшет, ноутбук бізді белгілі бір дәрежеде ұтымды көрсететін шығар. Бірақ оларды сатып алуға құштарланып, ата-анамызға салмақ салудың қажеті жоқ. Оның орнына құштарлығыңды білім мен махаббатқа бағытта.

45. Аптасына бірнеше сағатты өзіңе арна. Самокат айдау, кітап оқу, ән айту, бимен айналысу, йога және т.б. болуы мүмкін. Қысқасы өзгелермен еш байланысы жоқ бір іспен айналыс.

46. Жігітіңмен жүргенде арадағы дистанция мәселесін ұмытпа.

47. Газдалған су, чипсы, қытырлақ нан секілді ағзаға зиян тағамдарды көп тұтынба. Олар тек салмақ қосып қоймайды, мұнымен қатар теріңнің жылдам қартаюына септігін тигізеді.

48. Бос қарым-қатынасқа уақытыңды құртпа. Араларыңдағы сезім оты тұтанудың орнына, өшіп жатқанын байқасаң, оны ұмытып, жай ғана алға жылжы. Бірақ кейде сүйіктіміздің «сол» адам екенін байқауға бір емес, бірнеше жылдар кетеді.

49. Қаланың сыртына, көлге, ауылға өзің жақсы танитын адамдармен демалуға бар. Жастық шағыңды оғаш адамдар тобына арнамаған жөн.

50. Егер үй жануарын баққың келсе, одан қалатын қоқысты өзің жина. «Бүгін менің уақытым болмады» сынды сылтауларды айтпа. Мысық та, күшік те сіздің ерекше қамқорлығыңызға зәру. Анамыз бізді жөргегімізді бірнеше күн бойы ауыстырмай баққан жоқ қой...

51. Күнге күюдің қажеті жоқ. Көлеңкеде жүрген кезде денеміздің түсі біркелкі болады.

52. Міндетті түрде білім ал. Оның колледж немесе ЖОО екені маңызды емес. Тіпті қысқа мерзімді курстарға да баруыңа болады. Бұл болашақ өмірде пайдасын тигізеді.

53. Қай мамандықта оқып жүрсең де, талантыңды дамыт. Алтын белгі иегері спорт шебері болуы да ғажап емес.

54. Вконтакте желісінде аз отыр.

55. Жақындарыңның жиі бетінен сүй. Отбасы мүшелерін таңертең және кешке сүйіп тұр.

56. Ең болмаса бір рет жаз мезгілінде жұмыс істе. Жылына бір жазғы демалыста лагерьде тәрбиеші болып немесе жарнама қағаздарын таратушы болып жұмыс істеуге болады.

57. Көре алмаушылық танытпа. Бұл – адам баласы сезіне алатын ең жаман сезімдердің бірі. Әркім өзіне лайықтыны алады. Жақсы іске ұмтылсаң, барлығы да ойдағыдай болады.

58. Ата-анаңмен жиі сөйлес. Кез келген тақырыпта олармен әңгіме-дүкен құр. Олар біз ойлағандай «ескішіл» емес.

59. Өзің туралы жаман ойлауды доғар. Сен толық немесе ұсқынсыз емессің. Өзің үшін және өзгелер үшін ең әдемі жансың.

60. Маникюр мен педикюрді апта сайын жаса. Сенің аяғың мен қолың қамқорлыққа зәру. Және апта сайын моншаға түсуді әдетке айналдыр.

61. Экскурсияларға қатыс.

62. Шылым шекпе. Ол денсаулыққа зиян, әрі жігіттерге шылым шегетін қыз ұнамайды.

63. Мұғалімдерге сөз қайтарма. Қалай десек те, билік ұстаздардың қолында. Оларға қарсы сөз айту арқылы жеккөрінішті көрінеміз. Әрі бағамыз да нашарлап кетуі мүмкін.

64. Сүйіктіңе көп хабарлама жіберудің қажеті жоқ. Көп қыз жігітке бірінші болып хабарласуға болмайды, бірақ смс хатты бірінші болып жазғанда тұрған ешқандай да әбестік жоқ деп ойлайды. Бірақ көңілдеріңе қаяу түсірмекпін. Жігіттің өзіне деген қызығушылығын ояту үшін қыз баласы кішкене суықтық танытуы тиіс.

65. Көзілдірік тағуға ұяласың ба? Оны линзамен алмастыр.

66. Автокөлік жүргізіп үйрен. Оны арнайы маман емес, үйдегі әкеміз бен ағамыз да үйрете алады. Бөлшектерін дұрыс ажырататын қыздарды жігіттер жақсы көреді.

Қызға қырық үйден тыйым немесе 100 кеңес

 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Әсем Жамалидің жеке парақшасынан

Қ. Бүйенбай