Жарамдылық мерзімі өткен косметиканы пайдалануға бола ма?

Жарамдылық мерзімі өткен косметиканы пайдалануға бола ма?

Сүйікті далап немесе креміңіздің жарамдылық мерзімі өтіп, қанша тастауға қимағаныңызбен, өз уақытында оларды жаңасымен алмастыру маңызды. Өйткені косметикаға жарамдылық мерзімі бекер жазылмайды.

Жарамдылық мерзімі өткен косметика несімен зиян?

Ескірген косметиканың зияндылығы бірнеше себептермен түсіндіріледі. Біріншіден, бұл түрлі бактериялардың көбеюіне қолайлы орта болып табылады, ал олардың теріге түсуі індетке шалдықтыруы мүмкін. Бұдан кейде жеңіл құтылатындар, ал кейде аллергия, бөртпе, дерматит және т.б. ұшырап, зардап шегетіндер бар. Егер көзге арналған макияж жайлы айтар болсақ, жұқпа конъюнктивит, кератит, блефарит көз ауруларын тудыруы мүмкін. Сұйық тоналды құралдар, далапта стафилокок жұқпасы болады, ал опада болатын микрокенелер дерматитке негіз бола алады.

Екіншіден, косметика бастапқы қасиеттерінен арыла бастайды, өйткені химиялық қосылыстардан компоненттер ажырап, жаңа қосылыстар пайда болуы мүмкін. Күннен қорғайтын құралдарды алты ай ішінде пайдаланып үлгеру керек, өйткені осы уақыттан кейін ол ультракүлгін сәуледен қорғайтын қасиетінен арыла бастайды, кейде мүлде жарамсыз болып қалып жатады.

Косметика барынша ұзақ қызмет етуі үшін оны құрғақ жерде +5- +25°С температурада, жылыту құралдары мен күн сәулесінің тік түспеуін қадағалап, сақтау керек. Мүмкіндігінше дозаторлы құралдарды алуға тырысыңыз.

Косметика жарамсыздығының белгілері

Кейде косметика құралдары жарамдылық мерзімі өтпей жатып бүлініп жатады. Сондықтан кремнің немесе басқа да косметикалық құралдарыңыздың иісі жағымсыздана бастаса, консистенциясы өзгерсе, әртекті бола бастаса (ыдыраса, қауызданса, сұйықтанса) ойлану қажет. Сонымен қатар косметикалық құрал ағзаңызға жағымсыз әсер етіп жатқанын байқасаңыз, дереу тұтынуды доғару керек. Біреудің пайдаланған косметикасын пайдаланбағаныңыз абзал. Егер сізде герпес, герпес, конъюнктивит немесе басқа да жұқпалы аурулар болған болса, өзіңіз пайдаланған косметикалық құрылғыларды басқаларға пайдалануға бермеңіз.

Жарамдылық мерзімін анықтау

Далап, тушь пен кремдеріңіздің жарамдылық мерзімінің өтіп кетпеуін жиі қадағалаңыз. Ол үшін косметика салғыш пен косметика сақтау құтыларына жиі ревизия жасап тұрған дұрыс. Кейде жарамдылық мерзімі жазылған қорап жоғалып, құтыдан мерзімін анықтау мүмкін болмайды. Сондайда интернеттен арнайы сервис – косметикалық калькуляторды пайдалануға болады. Калькуляторға құтының кодын жазу арқылы қай уақытта шыққанын анықтауға болады. Бірақ бұл әдіс нақты емес және барлық брендтерде бола бермейді.

Орташа есеппен сұйық консистенциялы косметикалық құралдар жарты жылдай сақталады, ал құрғақтар – үш жылға дейін. Сұйық сүрме немесе тушьпен үш айдан артық қолданбау ұсынылады.

Назар аударыңыз: ашылмаған косметика мен пайдаланылған косметиканың жарамдылық мерзімі әртүрлі, өйткені екінші жағдайда құрал ауамен байланысқа түседі, сонымен қатар саусақтардан, косметикалық қылқаламдардан бактериялар түсуі мүмкін. Сондықтан қорапта ашылғанға дейін және кейін қай уақытқа дейін жарамды екенін көрсететін екі мерзім тұрады. Мысалы, крем немесе скрабтың жарамдылық мерзімі 24 ай, бірақ ашылған соң алты айға қысқарады. Егер осы уақытқа дейін пайдаланып үлгермейтініңізді білсеңіз, кішкентай құтысын сатып алыңыз.

Сурет: vse-o-mode.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina