Жазда ақша табудың оңай және қызықты 25 әдісі

Жазда ақша табудың оңай және қызықты 25 әдісі

Сабақ, емтихан мен ҰБТ артта қалды, біраз демалдың, ал енді жазғы демалысты пайдаланып, біраз қаражат жасап алатын уақыт келді. Арнайы сен үшін оңай және қызықты жұмыстарды топтастырдық. Өзіңе лайықтысың таңдап, алға бас! Құнды тәжірибе мен сәнді киімдер, қыдыруға біраз ақша жинақтап ал.

1. Репетитор

Егер мектепте үздік оқысаң, немесе бастауыш сыныптың бір сабағын жақсы меңгергенмін деп ойласаң, репетитор болу мүмкіндігің жоғары! Сурет салу, ән-күй және ӨҚН деген сабақтар да маңызды, ал қазақ тілі ережелері мен математика формулалары әркімге оңай шағылатын жаңғақ емес. Осыны ескеріп, бастауыш сынып оқушыларына мықты негіз орнатып беруге үлесіңді қос.

2. Гараждық жаппай сатылым ұйымдастыру

Америка мен Еуропада гараждық жаппай сатылым деген ұғым қалыптасқан. Шетелдіктер гараж бен антресольдарды бөлшектеу кезінде заттарды қоқысқа лақтырмайды, ауласында түрлі ескі-құсқыға жаппай сатылым жариялайды. Сондықтан, егер саған бүлінген қолшатыр немесе басы жұлынған қуыршақ қажет емес болса, ол ештеңеге жарамайды дегенді білдірмейді.

3. Көгалдандырушы

Жасөспірімдерді жұмыспен қамту орталығына барсаң, «көгалдандырушы» және «ауданды абаттандырушы» жұмыстарын бірінші болып ұсынады. Барлығын еңбек кітапшасы бойынша ресми түрде рәсімдейді. Және егер еңбек кітапшаңда ең бірінші болып «аула тазалаушы» деген аса абыройлы емес қызмет көрсетілген болса да, қағаздар мен мөрлер қаншалықты маңызды? Жалақысы аз болса да, пайдалы және әлеуметтік маңызы жоғары.

4. Көпшілік көрініске түсу (массовка)

Егер сен әрдайым киноға түсуді армандап, актерлік/актрисалық қырыңнан көрінгің келіп жүрген болса, отандық телехикая, бағдарлама және тіпті көркем фильмдердің көпшілік көрінісінде бағыңды сынап көрсең болады. Бағдарлама көрермені болуға да бұл күні азын-аулақ ақша төлейді.

5. Бала бағушы

Кішкентай балаларды бағуда тәжірибесі барлар үшін ұтымды нұсқа. Ал егер бала бағып көрмеген және дайын болмасаң, бұл адам өміріне қауіпті мамандыққа жоламаған жөн.

6. Бөтелке жинау

Жер планетасын түрлі қоқыспен ластағанша, оның тазалығына үлес қосып, әйнек ыдыс, макулатура мен пластик қалдықтарын қабылдайтын орталыққа өткізген дұрыс. Осылайша әлемді ластанудан қорғайсың және азын-аулақ ақша аласың.

7. Даяшы

Бұл жұмыс жеңіл әрі оңай көрінгенімен – күні бойы тік тұрып, ауыр подностарды асхана арасында тасу мен әр тапсырыс берушінің тапсырысын ұмытпау, әркімнің қолынан келе бермейді. Есесіне егер ақжарқын күліп, тапсырыстарды шатастырмай, мінсіз жұмыс істесең – жақсы үстемақыға ие боласың.

8. Суретші-портретші

Алматы сияқты үлкен қалалардың саябақтарында адамның портретін салып беретін суретшілерді байқаған боларсың? Егер қалаңда мұндай ұсыныс жоқ болса және қолыңнан келсе осы өнеріңмен біраз ақша табуға мүмкіндік бар.

9. Кондуктор

Бұл қызмет, әлбетте, оңай емес және біраз жүйкенің төзімділігін тексеретін қиын мамандық. Алайда, қоғамдық көлікте кондуктор болу арқылы біраз нәпақа табуға болады. Немесе муниципалды автобустарда тексеруші кондукторларға да қазірде сұраныс бар.

10. Сатушы-кеңесші

Сатушы-кеңесші жұмысында ең қажеті – шексіз төзім. «Дәл осындай тек сарғыш түймесімен» деген қалауларға, сатып алушыға аяқ киімнің 20 қорабын әкеліп беріп, бірақ нәтижесінде ол ештеңе сатып алмауына, тәтеге BB кремнің CC кремнен қандай айырмашылығы бар екенін бір сағат түсіндіруге дайын бол.

11. Құттықтау агенттігін ұйымдастыру

Азын-аулақ ақшаға танымайтын адамға әуе шарымен, бір қорап конфет пен ізгі тілектерді айтып келу. Біреудің мейірімді купидоны болып, ғашық жігіттің сүйікті қызына раушан гүлдерін жеткізу. Біреудің анасына ізгі тілектер мен бір қорап сыйлық апару. Бұл іс ұсынылған қызметтерден аса табысты болмаса да, сауапты болатыны рас.

12. Көше әртісі болу

Бұл іс дарынды және өзіне сенімді адамдарға арналған: көшеге гитарамен шығып, қоғамдық жерде сүйікті әндерді орындауға, пантомиманы ойнап немесе фламенка билеуге әркімнің батылы бара бермейді.

13. Аспазшы

Егер қолыңнан тамақ жасау келсе, қалалық мейрамханаларда өз бағыңды сынап көрсең болады. Тәжірибе жеткіліксіз болса да, әр жерден мейірімді аспазшы-ұстаздар табылады. Сонымен қатар, ірі қалаларда дөнер, шаурма жасаушыларды да жұмысқа қабылдайды.

14. Промоутер

Басқаша айтқанда, «бутерброд-адам». Костюмде жазда ыстық, ал қыста суық, күні бойы пороллон бананның денесінде жүрген аяқтар кешкісін талып, ауырады, есесіне бұл жұмыс сабырлылыққа үйретеді – жаныңнан өтіп бара жатқандар мазақтап, күледі, сенімен суретке түседі. Бірақ түріңді көрмеген соң, бәрібір емес пе?

15. Үндеулер мен хабарландыруларды жабыстырушы

Подъездердің есігі мен аялдамаларға тіс емдеу клиникаларының жарнамаларын, сақтандыру кеңселерінің мекенжайларын күні бойы жапсыру арқылы қаладағы маңызды орындарды білетін боласың. Бұл да артық болмайды.

16. Фотограф болу

Егер сенің (немесе ағаңның, әкеңнің, әпкеңнің) мықты фотоаппараты болса – фотограф мамандығын сынап көр. Әрине, бірден сәнді журналдың фотографы болу мүмкін емес, бірақ сыныптастарың мен балаларды суретке түсіру арқылы (әрине, ақшаға) біраз тәжірибе жинақтап, екінші жағынан табыс табуға мүмкіндік бар. Ол үшін, әрине, суретке түсірудің негізгі ережелерімен танысып алғаның жөн.

17. Қоғамдық тамақтандыру орталығының қызметкері

Үлкен сауда орталықтарында үстелдерді жинап, сүртіп жүретін даяшы сияқты қызметкерлерді көрген боларсыз? Олар тапсырыс берушілердің тапсырысын әкеліп бермейді, тек жинастырып жүреді. Бұл жұмысқа тиянақтылық пен ұқыптылық ең маңыздысы. Сондықтан қызметкерлерді тәжірибесіз қабылдауы мүмкін. Ал кейін, бәлкім, кассир немесе кофе қайнатушы, яғни бариста деңгейіне дейін көтерілуге болады.

18. Курьер

Күні бойы қаланы аралап, көлікпен, ал кейде жаяу сәлемдемелер мен маңызды хаттарды, құжаттарды тасу – міне, курьердің тағдыры. Есесіне, мұндай жұмыспен артық салмақ қоспайсың, әрі табысы да аз емес.

19. Дизайнер

Егер суретті жақсы салсаң, сызу сабағынан үздік болсаң, көптеген сайт жасаушы компанияларға логотип, сайт дизайнын жасаушылар қажет екенін ұмытпа. Әрине, қазірде қолжазбалардың орнына электронды графикалық нұсқалар жоғары бағаланатындықтан, Corel Draw мен Photoshop-тың негіздерін үйреніп алған жөн. Ол бағдарламаларды біздің сайттан үйренсең болады.

20. Қолөнер бұйымдарын сатушы

Егер киізден аю тіге алсаң, қыштан құмыра жасау немесе пластилиннен айдаһар жасау қолыңнан келсе, бисер мен моншақтардан әшекейлер жасай алсаң, киім тіге алсаң – дарыныңның бекер жоғалмауын ескер. Әлемге өзіңді жарияла! Жас жасампаздарды түрлі көрмелерде, ғаламторда әрдайым жылы қабылдайды.

21. Үй қызметкері

Бұл жұмыс көбіне қыз балаларға тән. Осы күні жұмыстан қолы босамайтын қожайындар үйін жинау үшін келіп-кетуші үй қызметкерін жалдайды. Табысы да жаман емес. Сонымен қатар, шеге қағушы, сантехника жөндеуші ретінде жігіттерді үйге шақыратындар да бар. Егер үй шаруасына мықты болсаң, осы қызметтерді ұсынатын орталықтарға түйіндеме лақтырып көр.

22. Үй жануарларын бақылаушы

Үй иесі теңіз жағасына демалысқа кеткенде сүйікті мысығына кім тамақ береді? Оны серуенге шығарып, сипайтын кім? Әрине, сен – барлық мысықтар, иттер, тасбақалар мен аквариум балықтарының досы. Бұл үрдіс елімізге жаңадан еніп жатқандықтан, сұраныс аса жоғары емес. Алайда, мұндай нұсқа бар екенін біле жүрген артық болмас.

23. Гид, экскурсия жетекшісі

Егер қалаңа шетелден немесе басқа да өңірлерден көптеген қонақ келетін болса, онда бұл үлкен мүмкіндік. Оларға қаланың ең көрікті, қызықты, сәнді, сырлы орындарын көрсет – сонымен бірге жазда шет тілін ұмытпайсың, керісінше жақсартып аласың.

24. Маймылмен суретке түсу

Экзотикалық жануарларды қолға үйретіп алған пысық қожайындар курортты аймақтарда жақсы табыс табады. Сүйкімді жануарлармен суретке түскісі келетіндер әрдайым табылады. Егер мұндай жануарың болмаса, оны жалға алып, сонымен қатар суретті бірден шығару арқылы да біраз табыс табуға болады.

25. Тілші

Егер жастайыңнан журналистикаға қызықсаң және мақала жазуға бейімің бар болса, қазірден бастап жазушылық қырыңды дамыта бер. Жергілікті газеттерде дарынды жас корреспонденттерді қуана қабылдайды. Ал журналдарға әрдайым стажерлер қажет. Дарынды адамның еңбегі еленбей қалмайды. Ең бастысы батылдық, өзіңе деген сенім қажет.

Сурет: yes.com.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina