Ақша жинай аласыз ба?

Ақша жинай аласыз ба?

Кейде ақшаны қайда, не мақсатта жұмсайтынымызды ұмытып кетеміз. Ай соңында жетуі тиіс болған ақша қолдан судай ағып кететіні бар. Мұның барлығы да жеке қаржы мәселесіне назар аудармағанның кесірінен. Енді қайтеміз?

Бюджетті анықтайық

Өз кірісіңізді анықтап алыңыз. Бұл үнемдеудің бірінші қадамы. Шын мәнінде, қанша ақшаны қайда жарататыныңыздан бұрын қанша табыс табатыныңызды есептеп алуыңыз шарт. Есепті ай сайын өткізіп тұрсаңыз дұрыс болмақ. Сондықтан бір айда қанша табыс кіретінін анықтаңыз.

Шығындар тізімін жасаңыз. Бұл өте қарапайым әдіс. Мәселен, үйіңізге, жолға, тамаққа жұмсалатын ақшаны есептеп, тізімге қосып отыратын болсаңыз, сізге ай соңында ақшаны қалай үнемдеу керек екені белгілі болады.

Үнемдегіңіз келсе, қай кезде ақшаны артық жаратпау керектігін ойланыңыз. Мәселен, автобуспен баруға болатын жағдайда таксиге артық ақша шығындамауға болады. Осылай барлық шығынды толық жазғаныңызға көз жеткізіңіз. Ештеңені де ұмытпаңыз.

Осы тізімді құрастырып болған соң келесі айда сіз үшін қажетсіздеу бір пунктті алып тасауға болатынын көресіз. Үй телефоны, кабельді арна, тіпті болмаса 150 теңгелік кофе? Ең пайдалы үнемдеу жолы – сіз байқамай жұмсайтын тиын-тебенді сақтау.

Алдыңызға мақсат қойыңыз

Қанша ақша жарататыныңызды анықтап алған соң бұл сомадан артық ақша жұмсамауды өзіңізге мақсат тұтыңыз. Миыңызда екі мәселе сақталсын: 1) бір айға қажетті ақша 2) қанша ақша үнемдеп қалатыныңыз. Мұнда қарастырылмаған бір пункт тағы бар. Осы екі мәселеге енбей қалған «бос» ақшаны өзіңіз үшін жаратыңыз. Қыдырып, қызық көріңіз.

Мақсатты бір күнге, аптаға, тіпті айға жоспарлай аласыз. Өз қалауыңыз бойынша жоспарлаңыз. Мәселен, күніне 600 теңге жұмсайтын жағдайға жетсеңіз я болмаса 3000 теңгені бір аптаға жеткізсеңіз үнемдеудің қаншалықты пайдалы екенін ұғатын боласыз.

Күтпеген жағдайларға ақша сақтаңыз

Кенеттен, күтпеген жағдайларға арнайы ақша ұстап жүріңіз. Тірі адам болғасын ауырып қалуыңыз да мүмкін. Әлдекімнің туған күніне ақша жинауыңыз да ғажап емес. Сондықтан жеке бюджетіңізден осындай күтілмеген жағдайлар үшін сәл де болса ақша жинап жүріңіз. Ал егер ай соңында кенеттен болатын жағдайлар басыңызға түспесе жиналып жатқан ақшаңызға қосасыз. Артық ақша ешкімге де кедергі келтірмейді.  

Мынаны ойланып алыңыз: қажетсіз заттарға ақша жаратасыз ба? Жер бетіндегі адамдардың 99%-ы мүлдем қажеті жоқ жағдайларға ақша жұмсайды. Сондықтан да кенеттен керек болып қалатын ақша қалтаңыздан табылса жақсы.

Өмір салтын өзгертейік

Ақша үнемдеуді қазірден бастаңыз. Бұл өзгеріс әрқайсымызға да әсер етпей қоймайды. Көп жағдайда ақша жинай алмайтындар бар ақшасын түгелдей жұмсап қойған соң ғана жаны жай табады. Бұдан кейін әрине, өкініште боламыз. Ал ақша болмағасын жұмсайтын да ештеңеміз болмайды. Мұндайды болдырмау үшін ақшаны жеке есеп шотыңызға немесе басқа жерге қойғаныңыз дұрыс. Себебі әмиянға салынған ақша тез жұмсалады. Бұл арқылы сіз ақша жаратпай өмір сүруге дағдыланасыз.

Өз-өзіңізді қамтамасыз ете біліңіз

Бүгінде қарнымыз да тоқ, көйлегіміз де көк. Уақытымыз тығыз. Бүгінгі таңда тез дайындалатын тағам ішіп, дайын асты сатып ала салу сәнге айналды. Егер денсаулығыңызды да, қалтаңызды да ойласаңыз бірнеше кеңесімізге көз салыңыз:

Тамақ әзірлеуді үйреніңіз. Бұл тек ақшаңызды ғана үнемдемейді, сонымен қатар денсаулығыңызға да пайдалы.

Егер мүмкіндігіңіз болса (жер үйде тұрсаңыз) мезгіл сайын көкөніс өсіріңіз. Бұл өте арзан әрі қуаныш сыйлайтын іс.

Тігіп үйреніңіз. Жаңа киім де ескіреді. Бірақ жыртылған киімді тастап, орнына жаңа киім сатып алғанша ескісін тігіп алғаныңыз ұтымдырақ. Мұндай өнеріңіз болса қалтаңызға салмақ салмай, өз қиялыңыздағы киімді киетін боласыз.

Қосымша табыс көзін іздеңіз

Бұл сіздің негізгі жұмысыңызға (егер студент болсаңыз оқуыңызға) кедергі келтірмейтін іс болуы керек. Жұмысты көптеген хабарландырулар ішінен таңдап алыңыз да бастап кетіңіз.  

Зиянды әдеттен арылыңыз

Шылым шегу, спирттік ішімдіктер ішу денсаулыққа да зиян, қалтаңызға да салмақ болады.

Тек қолма-қол сауда жасаңыз

Жеке есеп шоттағы ақшамен сауда жасау мен қолма-қол сауда жасаудың арасы жер мен көктей. Себебі адам қолында жоқ ақшаны оңай жаратады. Ал егер қолма-қол сауда жасайтын болса оның қадірін түсіне бастайды.  

Өзіңізді психологиялық тұрғыдан дайындаңыз

Жоғарыда айтылған әдістің барлығын да психологиялық дайындығыңыз болмаса орындай алмайсыз. Сол себепті өзіңіздің нақты мақсатыңыз бен арманыңызға қол жеткізу жолына психологиялық тұрғыдан дайындаңыз. Ескерте кетейік, әркімнің табысы мен жағдайы әрқалай, сондықтан да ақша үнемдеу немесе жинау мүмкін болмаса өз-өзін қинап, аш жүрудің қажеті жоқ.  

Қысқаша кеңестер:

  • Электр тоғын пайдаланбайтын кезде оны өшіріп жүріңіз. Қолданыссыз қалған техниканы тоқ көзінен ажыратыңыз.
  • Түрлі сусындарды сатып алып ішкенше қарапайым су ішіңіз. Есіңізде болса, су да шөлді қандыратын қасиетке ие.
  • Несиеңіз болса, ақша жинаудың қажеті жоқ. Бастысы несиені бірінші жабу.

 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: and.kz

А. Құлтай