Келер аптаның 7 ісі

Келер аптаның 7 ісі

Назарларыңызда келесі аптада істеуге болатын 7 іс.

1. Аптаның басты жаңалықтарының бірі - Грекияда Олимпиада ойындарының алауы жағылғаны болып тұр. Олимпиадаға біздің елімізден де спортшылар қатысатынынан хабардар шығарсыздар. Төрткүл дүние көз тіккен ойында өз спортшыларымызға жанкүйер болуға дайындала берейік, достар.

2. Жазира Орынбасарды "Бастаңғының" "Аспаздық" бөлімінің тұрақты қолданушылары жақсы танып қалған болар. Әлбетте, оның шоколадтан жасалған тортының мәзірі бізге өте ұнады! Келесі аптада осы мәзірді жасап көрулеріңізге кеңес береміз! Басқа да сүйікті тағамдарыңыздың мәзірін бізге жіберулеріңізге болады.

3. Достар, массагетке бас сұғатын қолданушыларымыздың тең жартысы  - студенттер екені рас. Үшінші кеңесіміз студенттер, сіздерге арналады! Емтихан күн санап, жақындап келеді. Біреуімізде басталып та кеткен шығар. Жөнді жауаптардың сасқанда бытырап естен шығып кетпеуі үшін  есте сақтау қабілетіңізді жақсартыңыз! Және осы күндері аз ұйықтауға тырысыңыз. Біле білсеңіз, адамның ұйқысы бір сағат ішінде де қанады екен...

4. Ауруымыздың ем-домы айдалада емес, толған дәрі-дәрмектерде де емес, табиғи шырындарда. Келесі аптадан бастап, табиғи шырындарды ішуді әдетке айналдырыңыз. Әлбетте, денсаулық - басты байлығымыз.

5. Кофе ішуден ұйқыны келтіреді деп қашып жүргенімізбен, оның пайдалы тұсы орасан екен. Әсіресе, компьютермен бірге жұмыс жасайтын сіздер мен біздер жақында кофені іздеп отырып ішетін болармыз. Өйткені, кофе - сан сағат бойы компьютер алдында құртылатын көзіміздің нағыз қорғанышы болып шықты.

6. Ойлы адамдардың өмір жолы кім-кімге де қызық болса керек. Тұғырлы тұлғалардың қанатты сөздері де өміріміздің бағдаршамы іспетті. Келесі аптадан бастап, күніне бір-бірден қанатты сөздерді жаттап отыруды әдетке айналдырыңыз. 

7. Келесі аптаның жұмасы - халықаралық мұражай күні. Мұражай - әр халықтың айнасы. Атаулы күнде мұражайға бас сұғып, рухани байып қайтыңыз!

Сурет: ru.freepik.com, mail.ru

М. Оңғарова