Балалар кім үшін ойнайды?

Балалар кім үшін ойнайды?

Бір топ бала қарияның есігінің алдында асыр салып ойнап жүр. Олар бүкіл көшені басына көтере салған шу-шұрқан қарт адамның әбден жүйкесіне тиді. Шыдамы да таусылды.

Сонымен қария үйінен шығып, ойнап жүрген әр балаға 25 тиыннан ақша үлестірді. Оларға: «Сендер бұл араны думанға бөледіңдер, мен сендерді көріп сондай жасарып, рухтанып қалғандай болдым! Бұл тиын-тебен менің сендерге айтқан рақметім болсын!» деді.

Тосын сыйлыққа ие болған балалар мәз-майрам болып ойындарына қайта кірісіп кетті.

Екінші күні есік алдында балалар тағы да асыр салып ойнап жүрді. Қария үйінен шығып әр балаға 15 тиыннан үлестіріп берді. Қарт кісі балаларға өзінің кірісінің төмен екенін, бұл жолы осылай азайып қалғанын, 15 тиын ақшаның да оңайлықпен қолға келмейтінін түсіндірді. Балалар бәз-баяғысынша мәз болысып, күн батқанға дейін осы маңнан кетпей қойды.

Үшінші күні қария әр балаға тек 5 тиыннан ғана үлестіріп берді. Бұл азғантай тиынды көрген балалар шұрқан салып, бұл ақшаға разы болмайтындарын айтысты. «Есік алдында бір күн ойнасақ, 5-ақ тиын бергенін қарай гөр! Ол біздің қаншама жапа шегіп ойнап жүргенімізді біле ме өзі?» десті балалар. Олар үйлеріне тарасарда: «Ендігіде бұл үйдің есік алдына келіп мүлде ойнамаймыз!» деп серттесті.

Ақылды қарияның істеген ісі өте қарапайым. Ол балалардың ішкі есебін өздерінің шаттығымен бірлестіре отырып, оны сыртқы себепке айналдырып, балаларды ақша үшін есік алдына келіп ойнайтындай етіп өзгертті. Ақша сынды сыртқы факторды пайдаланып балаларды меңгере алды.

Егер бұл қария сіздің бастығыңыз болса ше? Ал ондағы балаларға берілген азғантай ақша сіздің жалақыңыз, сыйлық қаражатыңыз немесе басқа да жолдармен сырттан кіретін кіріс болса?

Егер сыртқы жақтан берілген бағаны координат ретінде пайдалансақ, онда біздің көңіл-күйімізде оп-оңай толқу пайда болады. Өйткені, сыртқы себепті біз өзіміз меңгере алмаймыз, ол оп-оңай біздің ішкі үмітімізден шеттеп кетіп, бізді разы болмайтын күйге, өкпелі күйге түсіреді. Разы болмау мен өкпе-реніш сынды кері сипаттағы көңіл-күй бізді азапқа салуы әбден мүмкін. Сол көңіл-күйдегі азапты жеңілдету үшін біз тек қана ішкі үміт-тілектерімізді азайтамыз, бұл – біздің үнемі қолданатын әдістеріміздің бірі, енді осы әдіс сіздің жұмысқа деген құлшынысыңызды төмендетумен барып тынады. Ендеше не істеу керек?

Адамдардың бәрі бала сияқты «ойнап» жүрген жерін тастап кетпейді. Тұрмыс, өмір сүруге қажеттілік, отбасы сынды жағдайлар 5 тиын болса да қанағат етуге жетелейді. Ал, бұл 5 тиын азайып 3 тиын, тіпті 1 тиынға түсіп қалса не істейсіз?

Оны өзіңіз ойлана жатарсыз, бәлкім тағы бір «қарияның» есік алдына барып «асыр салу» керек шығар...

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: wechat.com

M. Auelkhan