Далалықтардан қалалықтарға ашық хат

Далалықтардан қалалықтарға ашық хат

Қарашаның қара суығы қаланың ағаштарына дейін бозартып жібергендей. Айқайдан жалықпайтын маторлардан жалығып ағамның үйіне де асығып жеттім. Тасып келген көңілім жасып қайтарын сезбеген де шығарсыз. Қайтар жолымда ағамның көңіліне келсе де мынадай бір хатты далалықтардан қалалықтарға ашық хат деп қыстырып кете барғанымды көп адам аңғарған жоқ...

1. Ағажан, сырттан келген адам сіздің күтушіңіз емес екенін есігіңізге жазып, жеңгемізге де ескерте жүріңіз. Сол себепті алдыңғы жолы бір талай адамның алдында масқара болғаным әлі есімде. Сіздердің үйге келген достарым да сіздің алақаныңыздағы дойбының тасы емес екендігін аңғарғаныңыз жөн еді. Келген меймандарға есін білмейтін балаңызға тамақ бергізіп, дәретке тосуға бұйырғаныңызды айтар болсам қонағуарлығы азғындаған кейіпкер екендігіңізді барша адам біліп қояр.

2. Балаңыздың қанша ұйқысы қашса да тойға келген ата-апалардың бетінен қақпағаныңыз дұрыс еді. Өзгедей емес туғандай болып кеткен апаңыздан неңізді аяйсыз? Сіз қаршадайдан баланың сөзін емес ананың сөзін естіп өскеніңізді есіңізден неге шығара бересіз? Әлемді ақылына бас идірген Абай атамыз есіңізде мүлдемге жоқ дегенді кесіп айта аламын.

3. Өзіңіз жеке мемлекет құрып кетпегесін балаңызды қазақ тілмен тәрбиелегеніңіз дұрыс. Қашан көрсем «Ер төстікті» танымайтын балаңызға мақтанып, есерлігіне есіңіз шығып кеткенде қаншалық қиналып кеткенімді жанарымнан оқып алсаңыз игі еді. Экраннан жанарын айырмай бәсекелік қуаттан жұрдай болып, жайлаудан жиіркенетін ұрпақ сізге не жақсылық әкеледі дейсіз? Тілімді алсаңыз «Жайлаудың ағашына жығылады, тікен кіріп кетеді, ит талап қояды» дегенді сылтауратпай жылына 1-2 рет жайлауға шығарып дала исіне үйретіп қойыңыз. Итке таланып өлген қазақтың баласын қазірге дейін көрмедік, баланы қалай еркелетуді ит те біледі.

4. Он жасқа келгенше ауызына тамақ салып берген ұрпағыңыздан ұялмайсыз ба? Жайлаудың он жасар баласын көрсеңіз ат құлағында ойнап, алдыңыздағы асыңызды тартып ішеді. Өзі іше алмайтын «мүгедек» болмағасын таяқтың да дәмін татқызу сізге ешқандәй ауыр келмес еді.

5. Бас аман, ден сау болғасын шаңыраққа келген адамдарға қабағыңызды ашып, жайдары әңгімемен қарсы алсаңыз қандай тамаша болар еді. Қайсы ай екені есімде қалмапты, демалысқа тарап алып ұшқан күйімде үйіңіздің жанына келіп телефон шалсам, «басқа күні кел» деген сөзіңізді естігенде екінші келместей болған едім, өкпеге қисақ да өлімге қимайтын туыс болған соң ұялмай жеткен жайым бар. Деседе қабағыңыз бен пиғылыңызды айта берсем жағымсыз аңызға айналып кететіндейсіз.

6. Жағымпаздығыңызды қашан тастайсыз? Мен сіздің үйге келіп-кетіп жүрген 8 жылдан бері сіздің талай жағымпаздықтарыңызға, ерсі мінездеріңізге куә болдым. Қараулығыңыз бен ауылдағы үлкен-кішіге деген құрметіңіздің жоқтығын айтпағанда, айт-мерекеде үйіңізге бас сұққан көршіге де жиырыла қаласыз.

Айта берсем таусылар емес, ағажан! Мен мұны сізді жақсы болсын деп жазғаным. Айтпақшы, жаңа ғана тапсырған сүт, нан, темекі дегендеріңізді әкеліп қойдым. Бәлкім бұдан кейін келе алмаспын. Қалаға келсем де сіздің үйіңізге емес ақылы қонақүйлерге түнеп шығармын. Мазаңызды алмауға кепілдік беремін. Денсаулығыңызға көңіл бөліңіз.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: sayanytour.kz

M. Auelkhan