Ең маңызды адам және ең маңызды шақ

Ең маңызды адам және ең маңызды шақ

Өткен заманда бір жас патша болыпты. Мансап пен байлыққа белшесінен батып жатқан ол: «Менің өмірімдегі ең маңызды адам кім? Ең маңызды шақ қайсы?» деген екі сұраққа жауап таппай, қатты қамығыпты.

Ол жер жүзіндегі философтарға жарлық шашып, осы екі сұраққа қанағаттанарлықтай жауап тапқан адамға мал-мүлкінің тең жартысын беретінін айтыпты. Төңіректің төрт бұрышынан жиналған философтардың бірде-біреуінің жауабы патшаны қанағаттандыра алмапты. Сол уәзірлерінің бірі патшаға сонау шалғайда тауда өте парасатты бір адам тұратынын айтыпты. Мұны естіген патша дереу атқа қонып, солай аттаныпты.

Патша әлгі парасатты адам қоныстанған таудың етегіне ілінген соң, қарапайым шаруа сияқты киініп алыпты.

Патша жанына барғанда, әлгі қарт жерге тізерлеп отырып алып, бірдеңені қазып жатыр екен. Патша: «Сізді барлық сұраққа жауап бере алатын өте парасатты адам деп естіп, арнайы іздеп келдім. Менің өмірімдегі ең маңызды адам кім, ең маңызды шақ қайсы екенін айтып беріңізші?!» дейді. Қарт: «Алдымен маған біраз картоп қазысып жібер, оны өзен жағасына алып барып, тазалап, жуып әкел, мен су қайнатайын, содан соң, екеуміз сорпа ішейік» дейді. Қарт мені сынап отырған болуы керек деп түйген патша оның айтуы бойынша істепті, әрі қарттың жанында бірнеше күн болып, өзі төрт көзбен күткен жауапты естуге асығыпты.

Соңында патша өзінің осы қарттың аузына қарап, талай күнін босқа өткізгеніне қатты назаланып, патшалық мөрін алып шығып, өзінің салауатын анықтап, әлгі қартты «Өтірікші» деп жазғырып, дарға асуды бұйырыпты.

Сонда әлгі қарт аспай-саспай: «Алға кезіккенде-ақ сенің сұрауыңа жауап қайтарғанмын, бірақ, сен оны елемедің» депті.

Патша: «Нені меңзеп отырсың?»

Қарт: «Сен осында келгенде, мен қарсы алатынымды білдіріп, үйіме жатқыздым ғой, - деп сәл кідіріп алыпты да, – Өткен шақ оралмайды, ал болашақ жеткізбейді, сондықтан, сенің өміріңдегі ең маңызды шақ – дәл осы шақ. Ал өміріңдегі ең маңызды адам – дәл осы шақта сенің қасыңда жүрген адамдар. Өйткені, ол өмірді сенімен бірге өткізіп, ыстық-суықты бірге бастарынан кешіп жүр емес пе?!» деп патшаның жүзіне қарайды.

Патша ақылман қартқа риза болып, оған бар ұрпағына жетерлік байлық беріп, аттандырып салыпты.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: growth.in.ua

M. Auelkhan