Адам әлеміне саяхат

Адам әлеміне саяхат

Тау арасында ата-бабасынан бері аңшылықпен күн көретін бір әулет болыпты. Отағасы өмір бойы аң аулап бұл шаңырақты асырапты. Бұл таудың түкпір-түкпірінде оның табаны тимеген жер қалмаған шығар, сірә! Жаңбырлы күндердің бірінде қарт аңшы биік жардан құлап, аяғын мертіктіріп алыпты. Әкелерін ұзақ іздеген екі ұлы оны әрең тауып, үйлеріне жеткізіпті. Бастарындағы паналары да әбден тозығы жетіп, құлауға айналған екен. Шал өмірден өтерінде ұлдарына қабырғада ілулі тұрған екі арқанды көрсетіпті: «Менің сендерге қалдыратын мұрам – мына мылтық пен осы екі арқан. Екі арқанды екеуің алыңдар!» депті де, аттанып кете барыпты. Әкелерін жерлеген соң, ағайынды жігіттер аңшылық өмірлерін жалғастыра беріпті. Бірақ бұл маңның аңы күн сайын сиреп, осылайша күн көру мүмкін болмай қалыпты. Тіпті, қоян, елік сияқты бұрын онша менсіне бермейтін жануарлар да басқа аңғарға ауып кеткен сияқты. Бір күні інісі ағасына: «Біз басқа тірлік істейік!» деп қолқа салыпты. Ағасы оған қосылмай: «Осы кәсіп бізге ата-бабамыздан қалған, бұдан қол үзсек, аштан өлеміз!» қасарысып отыра береді.

Кіші ұл ағасының тілін алмай, қабырғадағы арқанның бірі алады да, жүріп кетеді. Ол бір арқа отын теріп, арқанмен буып, қоржадағы базарға апарып сатады. Базарға барған соң, аңдап қараса, өздері үнемі басып-жаншып жүре беретін шөптің бір түрі бұл жақта әжептәуір пұл екен. Ол осыдан былай, өзі бес саусағындай білетін тау аңғарларынан сол шөпті теріп күн көріпті. Бірнеше жылда басына үй салып, бауырына қазан да асып үлгеріпті.

Ағасы баяғы тіршілігін жалғастырып, тозығы жеткен үйде тұра береді. Қанжығасы қандалмай, күн көрісі де барған сайын нашарлап, қабағын қан жауады. Күрсінуі көбейіп, зорға атырған таңы, батып болмай, күндері табандап жатып алады. Бір күні інісі ағасын көруге келеді. Есіктен кіре бере оның төбе құйқасы шымырлап кетті. Әкесінен қалған жалғыз арқанға асылып тұрған ағасын көреді.

Ертедегі данышпандар адамда үш түрлі мінез болады дейді екен. Біріншісі, аиуани мінез – ішеміз, жейміз, күлеміз, біреуге күш көрсетеміз. Екіншісі, адами мінез – сөйлейміз, ойланамыз, қиялдаймыз, көрген-естіген дүниелерді көңілге түсіреміз. Білім де, ғылым да осы адами мінезден туады. Үшіншісі, періште мінез. Мейіріміміз түсіп, жанымыз ашиды, қателігіміз үшін жүректен маза кетеді. Үш мінез барлық адамда бар. Ақылды кісі соңғы екі мінездің шылбырын мытып ұстап, бірінші мінезін ауыздығымен қаңтарып қояды. Біріншісі асса, соңғы екеуі әлсірейді, ондай адам аиуанға жақын болады, көзі көріп, құлағы естігенін көңілге тоқымайды, көкірек көзі ашылмайды. Жан-дүниесі қараңғы күйінде қалады. Жүректе мейірім, өзінде ақыл болмайды.

Кісінің кісілігі арқандаулы қалмауы керек. Әлгі арқан сізде болса, не істер едіңіз?

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nipic.com

M. Auelkhan