Патшаның парасаты

Патшаның парасаты

Өз патшалығын өлердей сүйетін бір патша өмір сүріпті. Ол билік басында тұрған шақта, ауыл шаруашылығы өркендеп, мол астық, үлкен табысты істер атқарылыпты. Жұртының қамын ойлап, ішкен асын жерге қоятын тақ иесі: «Өмірден өтіп кетсем, жұртым қалай күн көрер екен, бай-бақытты өмір сүре алар ма екен?» деп қатты алаңдапты. Сосын, халқын ұлы басқосуға, дабыралы жиынға шақырып алып, ел арасындағы білікті, білімді адамдарды қасына жинапты. Оларға өз халқын қазіргі бақытты, тыныш, көркем өмірін сақтап тұруға кепілдік беретін заң жазып шығуды бұйырыпты.

Үш айдан соң, елдің игі-жақсылары үш елі қалыңдықтағы үш кітап жарғыны патшаға жіберіпті: «Мәртебелі ағзам, аспан астындағы барлық білімнің қайнарын осы үш кітаптың ішіне қамтыдық. Халқыңыз осыны оқыса, мәңгі бай-бақытты болып өмір сүреді!» депті. Патша кітапты оқып шыққаннан кейін, оны жарамсыз етіп тастапты. «Өйткені, менің халқымның мұндай көп дүниені оқып отыруға уақыты жоқ!» депті патша. Өз зерттеулеріне қайта кіріскен білімдар топ екі ай өткен соң, әлгі үш кітапты екі елі қалыңдықтағы бір кітап етіп қайта жазып шығып, патшаның алдына келеді. Патша бұған да риза болмайды. Олар жарғы жазуға қайта отырады. Тағы бір ай өткен соң, білімдар кісілер патшаға бір парақ қағаз жібереді.

Риза болған пейілмен: «Өте жақсы, - дейді патша, - Менің халқыма өлмес бақытты сыйлайтын баға жетпес қымбат және ақыл-парасаттың нағыз жемісі болды. Мен олардың ендігі өмірінің қазіргіден де жақсы болатынына сенімдімін!».

Жарғыны жазған білімдар кісілердің бәрін мол алтын-күміспен марапаттап, өз туған жерлеріне аттандырып тастайды.

Әлгі бір парақ қағазда: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» деген сөз жазылған екен.

P.S.

Бір-ақ күнде мол байлыққа кенелудің қамында жүрген адамдар көп, бірақ, олар әрқандай істің зор қажыр-қайратты, мол құлшынысты, үлкен еңбекті қажет ететіндігін түсіне бермейді. Табысқа жетуді көздесеңіз, салмақты ұстаным, жан-жақты басқару жүйесін қалыптастырумен бірге, өз ісіңізді жақсы ұйымдастыра алсаңыз болғаны. Есіңізде болсын, еңбексіз еш дүниеге қолыңыз жетпейді.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nicpic.com

M. Auelkhan