Air Astana Орталық Азия және ТМД елдері арасындағы үздік әуе компаниясы атанды

Air Astana  Орталық Азия және ТМД елдері арасындағы үздік әуе компаниясы атанды

Еліміздегі ең ірі әуе компаниясы – Air Astana Skytrax World Airline Awards марапатында оныншы рет  үздік әуе компаниясы деп танылды. Air Astana 2011-2021 жылдар аралығында Skytrax марапатын алған. Skytrax бағдарламасы 2020 жылы пандемияға байланысты тоқтаған болатын. Марапаттау рәсімі 2022 жылы 23 қыркүйекте Лондонда өтті.

Air Astana әуекомпаниясының басшысы Питер Фостер бұл марапатты оныншы мәрте алуының құпиясын сұрағанымызда: "Қанша адамнан құралғанына қарамастан, кез келген топтың жетер жетістігінде шек жоқ. Біздің ұжымда әр қызметкер, әр тұлғаның сіңірген еңбегі, атқарған қызметі маңызды. Біздің құпиямыз да осыда. Жолаушыға қызмет көрсету саласы да біздің ұжымның үлкен артықшылығы деп білемін. Бұл марапат авиация саласындағы "Оскармен" барабар. Бұл жолғы жетістік орны тым бөлек, себебі 20 жылдық тарихымызда барша ТМД ішінен алғаш рет үздік танылдық. Бұл мақтануға тұрарлық жетістік",- деді. 

Сондай-ақ, аталған компанияны 17 жыл басқарған Фостер мырза ұжымының алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Алдағы 3 жылда 24 ұшақ қосылса, FlyArystan флотының санын 11ден 25-ке арттыруды, 2025 жылға дейін жалпы саны 62 ұшақ алуды жоспарлап отыр.

Skytrax Awards сыйлығының бас директоры Эдвард Плейстед: «Air Astana бүгін бұл жүлдені оныншы рет алып отыр. Әуе компаниясының басшылығы мен қызметкерлері осы табысымен және Орталық Азия мен ТМД-дағы "Ең үздік авиакомпания" және "Ең үздік қызмет көрсету" номинациясын жеңіп алғанын мақтан тұтуы керек. Соңғы екі жыл авиация саласы үшін өте қиын жылдар болды, сондықтан бұл марапат Air Astana өз жолаушыларына ұсынып отырған қызмет көрсетудің жоғары сапасын көрсетеді," - деді.

Skytrax сыйлығының жеңімпаздары жолаушыларға сауалнама жүргізу әдісімен анықталды. 2021 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың тамызы аралығында 300-ден астам авиакомпания бағаланды. Сауалнамаға 14 миллионнан астам 100 түрлі ұлт өкілі қатысты. Респонденттердің жауаптары ағылшын, француз, испан, орыс, жапон және қытай тілдерінде берілді. Сауалнамаға қатысушылар әуе компаниясының сайтын, тіркелу және отырғызу, ұшақ салонының тазалығын, борттағы ойын-сауықты, стюардессалардың сыртқы келбетін және қызмет көрсетуді, тамақтың сапасын, орындардың ыңғайлылығын және т.б. бағалады. 2011 жылы әуе компаниясы алғаш рет Skytrax сыйлығын "Орталық Азия мен Үндістандағы ең үздік авиакомпания" номинациясы бойынша  алған еді.

Skytrax – әртүрлі авиакомпаниялар мен әуежайлар көрсететін қызметтердің сапасын зерттеуге арналған жеке консалтингтік компания. 1989 жылы құрылған. 210-нан астам авиакомпания мен 65 әуежай туралы ақпаратты әртүрлі жолаушылар сауалнамасы негізінде ұсынады. Компанияның сайтында жолаушылар авиакомпаниялар мен әуежайлардың қызметтері туралы пікірлерін де қалдыра алады. Skytrax жыл сайын авиатасымалдаушылар мен әуежайлардың қызмет көрсету сапасын бағалау мақсатында жолаушылар арасында түрлі сауалнама жүргізеді.

Skytrax авиакомпаниялар мен әуежайлар көрсететін қызметтерді "жұлдыз" деп аталатын деңгей бойынша бағалайды. Ең жоғары деңгей бес жұлдызбен бағаланады. Екі жұлдыздан төмен компаниялар мен әуежайлар қызмет көрсету сапасының төмендігін көрсетеді, үш жұлдызды әуежайлар мен авиакомпаниялар қанағаттанарлық дегенді білдіреді. Төрт жұлдыз жақсы қызмет көрсету сапасын, ал бес жұлдыз керемет қызмет көрсету сапасын көрсетеді.

Айта кетейік, Air Astana ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында 2011 жылы алғаш рет беделді Skytrax халықаралық рейтинг агенттігінің 4 жұлдызына және "Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компания" атағына ие болды. Аталған марапатпен отандық әуе компаниясы 2013, 2014, 2015, 2016, 2017, 2018, 2019 және 2021 жылдары марапатталды. Сондай-ақ, Air Astana Орталық Азиядағы ең жақсы ойын-сауық жүйесі және ұшақ ішіндегі сапалы тамақ пен сусын үшін APEX сыйлығын (2022) иеленді. Компанияның барлық марапаттарымен мына жерден танысуға болады.

Air Astana 2002 жылдың 15 мамырынан бастап тұрақты рейстерді жасап келеді. Биыл әуекомпаниясының жолаушыларды таси бастағанына 20 жыл толды. Қазір Air Astana тобы 60-тан астам халықаралық және ішкі рейстерді орындайды.

Т. Раушанұлы