Мәскеу Литваға ультиматум қойды

Мәскеу Литваға ультиматум қойды
Фото: © elements.envato.com

Литва арқылы Калининград облысына жүк тасымалдауға тыйым салған Литва билігінің әрекеті Мәскеуде блокада, арандатушылық және ашық дұшпандық шаралар деп аталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ресей Сыртқы істер министрлігі егер Литва жақын арада жүк транзитін толық қалпына келтірмесе, Мәскеу ұлттық мүдделерді қорғауға құқылы екенін мәлімдеді.

"Біз Литва тарапының арандатушы шаралары Литваның халықаралық-құқықтық міндеттемелерін, ең алдымен Ресей Федерациясы мен Еуропалық Одақтың Калининград облысы мен Ресей Федерациясының қалған аумағы арасындағы транзит туралы 2002 жылғы бірлескен мәлімдемесін бұзатын ашық дұшпандық деп санаймыз", - делінген ведомство сайтында.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Мәскеу Литва билігінің Калининград облысына бірқатар тауар транзитін тоқтату туралы шешімін заңсыз деп санайды.

Песков қазіргі жағдай күрделірек екенін және қандай да бір шешім қабылдамас бұрын талдау қажет ететінін айтты, "ол алдағы бірнеше күнде жүргізіледі". "Бұл блокаданың бір элементі", - деді Кремль өкілі.

Литва теміржол өкілдері Калининград теміржолына 18 маусымнан бастап Еуроодақ санкцияларына ұшыраған жүктердің транзитін тоқтату туралы хабарлаған.

Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис шектеулер Еурокомиссия ұсынысы бойынша енгізілгенін айтты.

"Бұл Литваның біржақты әрекеттері емес, бұл 17 маусымда күшіне енген еуропалық санкциялар. Өнеркәсіп тек сол санкцияларды сақтап жатыр. Теміржолшылар тұтынушыларына 17 маусымнан бастап тауарларға санкция салатынын хабарлады. Болат тасымалдау және мұнай өнімдерін Литва аумағы арқылы өткізуге де рұқсат етілмейді", - деді ол.

Шектеулер Калининград облысы мен Ресейдің басқа облыстары арасында тасымалданатын барлық жүктің, атап айтқанда, құрылыс материалдарының жартысына жуығына әсер етті.

Д. Шәріпхан