3D принтер ғажайып "қол" жасады

3D принтер ғажайып "қол" жасады
Фото: tctmagazine.com

Америкалық 22 жастағы өнертапқыш бірқатар ірі корпорациялармен бірігіп ғажайып протездерді жасап шығарды.  Истон ЛаШапель өзінің алғашқы роботтандырылған протезін 14 жасында ойлап табады. Арада 8 жыл өтіп заманға сай техникамен жабдықталған, протездерді жасап шығаратын «Unlimited Tomorrow» компаниясының негізін қалайды.

Бүгінде оның компаниясы Microsoft, Dassault Systemes және Stratasys сияқты өнеркәсіп және техникалық алпауыттармен ынтымақтастықта протездерді жасап шығаруды ауқымдастырып жатыр. Unlimited Tomorrow компаниясының басты мақсаты 3D принтерлер көмегімен нарық әлеміндегі протездерден біраз арзан және адам қажеттіліктерін идеал орындайтын роботтандырылған протездерді жасап шығару.

Бұл протездердің қарапайым протездерден біршама айырмашылығы бар. «Stratasys» компаниясының 3D принтерлерінде қолданатын «PolyJet» технологиясы «Unlimited Tomorrow»-ге адам терісінің түсін беруші роботтандырылған қолдарды жарату мүмкіндігін береді. Бұл қолдарда маникюрлеуге болатын магнитті тырнақтар да бар, оларды сымсыз қуаттауға да болады.

Т. Раушанұлы