Алтайда терімен қапталған шаңғымен сырғанаудан турнир өтті

Алтайда терімен қапталған шаңғымен сырғанаудан турнир өтті
Фото: russian.news.cn

Қытай жеріндегі Алтай өлкесінде жылқы терісімен қапталған шаңғымен сырғанаудан турнир ұйымдастырылды. Бәсекеге қатысушылардың дені – қытай қазақтары. Шаңғының бұл түрін қазақ халқы қарлы қалың аймақтарда байырғы заманда қолданған.

Он үшінші рет ұйымдастырылған бұл шара жергілікті тұрғындарға жақсы таныс. Осы турнирдің барысында қазақ әні шырқалып, биі биленеді. Ұлттық киімімізді кие барған қазақтарға, қазақ өнеріне қызығушылық танытқан жанкүйерлер бұл кештен ерекше әсер алдық деп қайтыпты. Қытайдың ішкі аудандарынан және сырт мемлекеттерден де бұл спортты арнайы тамашалауға келген көрермендер табылды. Осылайша, өзге халықтың назарына қазақ салт-дәстүрін, ғұрпын насихаттаған қытайдағы қазақ бауырларға көпшілік алғыстарын жаудыртып жатыр.

Қытайдағы Шыңжай-Ұйғыр автономиясына қарасты Алтай өлкесі ертеден "Шаңғы отаны" деп аталып кеткен. Тіпті, бұл маңдағы тастардан шаңғы тепкен адамның суреттері табылыпты. Ал, ол бейнелерді адамдар осыдан 12 мың жыл бұрын тасқа қашаған. Сонымен қатар, жылқы терісімен қапталған шаңғы спорттық жабдықтың ең көне түріне жатады екен.

А. Қажиев