Apple Music Android платформасына шықты

Apple Music Android платформасына шықты
Фото: www.engadget.com

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында купертинолық корпорация Apple Music қосымшасын Android операциялық жүйесінде жабық түрде сынақтан өткізді. Кейіннен аталған қосымшаның Google платформасындағы веб-бетінің алғашқы скриншоты жарияланды. Енді Apple Music Google Play онлайн дүкенінде қолданысқа берілді.

Apple Music қосымшасының әзірге бета нұсқасы жарыққа шықты. Сондықтан оның iOS платформасындағы кейбір функциялар Android операциялық жүйесіне енгізілмеген. Нақтырақ айтсақ, қосымшаның Android нұсқасында музыкалық видеоларды көру мүмкіндігі жоқ.

Apple Music қосымшасына тіркелу әдеттегідей алғашқы үш айға тегін, содан соң айына 9,99 АҚШ доллары көлемінде төлем жасау міндетті. Ал бірнеше девайсқа бірден төлем жүргізуді ойласаңыз, жанұялық тарифпен небары 14,99$ төлеу қажет болады.

Ж. Өрісбай