Оңтүстік Корея тұрғындары жуырда 5G интернетін қолданады

Оңтүстік Корея тұрғындары жуырда 5G интернетін қолданады
Фото: termoyad.ru

Оңтүстік Корея билігі секундына 19,1 Гбит жылдамдықпен жұмыс істейтін 5G мобильді байланысын іске қоспақ. Бұл туралы оңтүстік корейлік SK Telecom мобильді компаниясының ресми сайты хабарлады.

Қазіргі таңда Оңтүстік Корея халқы әлемдегі ең жылдам интернет байланысын қолданып келеді. Ал елдегі алып мобильді операторлардың бірі SK Telecom 5G желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Күні кеше компания өкілдері отандық БАҚ қызметкерлеріне секундына 19,1 Гбит жылдамдыққа ие интернет мүмкіндігін таныстырды. Бұл – 4G желісінен 1000 есе жылдам көрсеткіш.

«SKT қызметкерлері әлемдегі ең бірінші 5G интернет желісін тәжірибеден өткізуге мүмкіндік алғанына қуанады. 5G желісінің көмегімен 2 ГБ көлемдегі видеоны бірнеше секундта жүктеуге болады», - дейді компанияның бас директоры Чой Джи-Сун.

Ресми ақпаратқа сенсек, америкалықтар мұндай жылдамдыққа ие интернетке екі жылдан кейін ғана қол жеткізеді. 5G интернет желісін АҚШ-тағы ең үлкен мобильді операторлардың бірі Verizon Wireless компаниясы жүзеге асырмақ. Ал аустралиялықтар мұндай жылдамдықтағы интернетті 2020 жылдан пайдалана алады.

Ж. Өрісбай