Chrome мен Android платформалары біріктіріледі

Chrome мен Android платформалары біріктіріледі
Фото: chezasite.com

Google корпорациясының еншісінде екі операциялық жүйе бар екені белгілі. Оның бірі дербес компьютерлерге арналған Chrome болса, екіншісі мобильді нарықта сұранысқа ие Android платформасы. Ларри Пейдж екі жүйені біріктіруді ұйғарыпты. Бұл туралы америкалық The Wall Street Journal басылымы хабарлады.

Компания инсайдерлерінің берген мәлімдемесіне сенсек, платформаларды біріктіру үдерісі әлдеқашан басталған.  Сондай-ақ, ол 2017 жылға дейін жалғасын табады. Ал 2016 жылы жаңа біріккен жүйенің альфа нұсқасымен таныса аламыз.

Google корпорациясы осылай мобильді нарықтағы операциялық жүйесінің мүмкіндігін арттырмақ. Нәтижесінеде миллиардтаған гаджеттер қолданатын платформа дербес компьютерлер нарығына да енеді. Ал Chrome іздеу браузері мобильді операциялық жүйенің бір бөлігіне айналмақ.

Екі бағдарламалық қамту да Linux негізінде жасалған. Дегенмен құрылымдық модулі жағынан айтарлықтай айырмашылықтарға ие. Ендеше жаңа біріккен өнімнің қандай боларын күтеміз.

Ж. Өрісбай