Yamaha роботқа мотоцикл жүргізуді үйретті (видео)

Yamaha роботқа мотоцикл жүргізуді үйретті (видео)
Фото: www.engadget.com

Жапонның Yamaha корпорациясы мотоциклді басқара алатын роботты сынақтан өткізді. Құрастырушылар тәжірибе нәтижесін камераға түсіріп YouTube хостингіне жүктеді.

Адамға ұқсаған робот Motobot деп аталады. Ол қауіпсіздік үшін қосымша дөңгелектермен қамтамасыз етілген мотоциклді жүргізуді үйренді. Видеодан роботтың көлікті толық басқарып отырғанын көреміз. Ол орташа есеппен сағатына 100 шақырым жылдамдықпен қозғала алады. Жапондардың ендігі мақсаты гуманоидты сағатына 200 шақырым жылдамдыққа бейімдеу болып отыр.

Айта кетсек, Yamaha – музыкалық құрылғылар шығаратын Жапониядағы ең ертеректе құрылған корпорациялардың бірі. Оны 1897 жылы әуесқой сазгер әрі инженер Торакусу Ямаха құрады. Ал 1954 жылдан бастап мотоцикл құрастыра бастайды. Осылай Торакусу корпорациясынан Yamaha Motor Company бөлініп шығады. 

Ж. Өрісбай