Facebook қызметкерлері 2G интернетті қолданады

Facebook қызметкерлері 2G интернетті қолданады
Фото: techcrunch.com

Facebook компаниясы дамушы елдерді қолдау үшін «2G-сейсенбі» жобасын іске қосады. Компания қызметкерлері көбіне дамушы елдерді қолданылатын 2G интернет жылдамдығын сезіну үшін әр сейсенбі күні баяу жұмыс істейтін интернетті пайдаланады.

Енді әрбір Facebook қызметкеріне сейсенбі сайын бір сағат ғаламтор беттерін жүктеуге 2G жылдамдығы ұсынылады. Мұндай жылдамдықпен бір веб-бетті ашу үшін қолданушы шамамен екі минут күтуі тиіс болады. Осылай Facebook басшылығы қызметкерлеріне Африка, Азия және Латын Америкасындағы дамушы елдердегі интернет жылдамдығын айқындап көрсетпек. Нәтижесінде бағдарламашылар дамушы елдердегі Facebook қолданушыларының қолайлығы үшін әлеуметтік желінің қызметін жылдамдатуға тырысады.

«Компания қызметкерлері аптасына бір сағат әлемнің миллиондаған интернет қолданушысының орнына өздерін қойып көреді. Сосын сайттың жылдам жұмыс істеуіне барынша үлес қосуды мақсат етеді», - дейді Facebook компаниясының техникалық директоры Том Элисон.

Айта кетсек, жақында Facebook негізін салушы Марк Цукерберг жұбайы Присцилла Чанмен бірге бастауыш мектебін ашатыны туралы мәлімдеген болатынбыз. Мектепте балаларға ұстаздармен қатар дәрігерлер де қарайды. Сондай-ақ, сыныпқа балалар туылмай жатып қабылданатыны да мектептің артықшылығын танытып отыр.

Ж. Өрісбай